Транскаспий бағытымен тасымалданатын жүк көлемі артады

2040 жылы Транскаспий теңіз бағыты арқылы тасымалданатын жүк көлемі 470 мың контейнерге дейін көбеюі мүмкін.

Қазақ-Қытай билігі екі ел арқылы өтетін тасымалдау қызметін одан әрі дамытуға ниетті. Қос тарап өткен жылы Бейжіңде келісім құжатын жасаған болатын. Бүгін мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялады. Сондай-ақ құжат арадағы жүк тасымалдау уақытын екі есеге қысқартуға мүмкіндік бермек. Ол үшін мемлекеттер «өтпелі» транзитті декларациялау процесін автоматтандыру арқылы шекаралық шектеулер мен тексерістерді азайтуға ниетті.

Марат Қарабаев, ҚР көлік министрі:

- Келісім автомобиль, теміржол және теңіз көлік түрлерін тиімді пайдалануды, жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасауды, сондай-ақ аталған транзиттік дәлізге қосымша көлем тарту үшін екі елде логистикалық орталықтарды дамытуды көздейді. 2023 жылдың қортындысы бойынша Каспий арқылы жүк тасымалдау көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 65 пайызға өсті 2,7 млн тоннаны құрады.