Қазақстан сыртқы саудасының 30%-і Еуроодақ елдеріне тиесілі
Еуроодақ елдерінің бір жыл ішіндегі сауда көлемі 3,5%-ке өсіп, 41 млрд долларға жеткен. Оның 31 млрд-ы қазақстандық эскпортқа тиесілі.
Бұл жайлы Премьер-министр мен Ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Еуропалық комиссар Януш Войчеховскийдің кездесуінде айтылды. Жүздесуде Қазақстан мен одаққа мүше елдердің ауыл шаруашылығы саласындағы сауда ынтымақтастығын арттырудың тетіктері талқыланды. Олжас Бектенов азық-түлік қауіпсіздігінің ерекше маңызды екенін атап өтті. Өз кезегінде еуропалық комиссар елімізде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанына тоқталып, саудадағы кедергілерді жою және заңнаманы үйлестіру шараларына назар аударды. Сондай-ақ тараптар арасындағы екіжақты тауар айналымының оң динамикасы сөз болды. Жалпы тартылған инвестициялардың 40%-тен астамы және Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 30%-і Еуроодақ елдеріне тиесілі.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Агроөнеркәсіптік кешен біздің экономикамыздың маңызды секторларының қатарына кіреді. Еліміздің сапалы және экологиялық таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласындағы әлеуетін, сондай-ақ Еуропа тарапынан артып келе жатқан сұранысты ескере отырып, біз қазақстандық тауарларды Еуропа нарығына экспорттау номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмысты жандандыруымыз қажет.