Ақтөбеде малдың терісі мен жүнін қабылдайтын жер жоқ
Ақтөбелік шаруалар малдың жүні мен терісін қоқысқа тастауға мәжбүр.
Себебі шикізатты өңдейтін кәсіпорын жоқ. Төрт түлікпен күнелтіп отырғандар бұл ұзақ жылдан бері шешілмей жатқан мәселе дейді.
Талғат Нұржігітовтің мал шаруашылығымен айналысқанына он жылдан асқан. Содан бері қойдың жүні мен ірі қараның терісін тұрақты қабылдайтын орын таппай жүр. Қазір қорасында былтыр қырғылған қой жүні үйіліп жатыр. Өзінің айтуынша, көршілес облыстардан да тапсыратын жер таппаған.
Талғат Нұржігітов, шаруа қожалығының басшысы:
- Қой мен сиырдың терісін алмайды, қабылдамайды. Жылда сойылып жатқан ірі қара малдың терісін далаға тастап жатырық, жүндерін де тастап жатырық. Ол үш келіден 400 қойға бір жарым тонна жүн тастаймыз. Теріні де малдың бәрін лақтырып тастаймыз ешқандай оны сойып жатқан бүкіл, жылына бір 100 бастай ірі қара соям. Соның терісін бәрін лақтырып тастаймыз.
Шаруалардың айтуынша, бұл мәселе мал бағып отырған барлық қожалыққа ортақ. Өңірдегі жеке шаруашылықтарда 350 мыңнан астам сиыр мен 700 мыңға жуық қой-ешкі бар. Алайда малдың жүні мен терісі қоқысқа тасталып жатыр.
Марлен Баймағамбетов, шаруа қожалығының басшысы:
- Жүн-тері бізде өтпейді дым. Ешқандай шығынымызды жаппайды. Меринос жүні ол өте пайдалы, киім тігуге пайдаланатын еді. Қазір осының жүнге сұраныс болмағандықтан кейін кесірінен ол қойдың да саны басы кеміп бара жатыр. Киім тігетін кәсіпке салаға Еділбайдың жүндері ол қылшықты жүндер келмейді.
Бұл мәселенің өзекті екенін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері де мойындап отыр. Айтуларынша, жыл сайын өңірде 3 мың тонна көлемінде қой жүні өндіріледі. Бірақ тапсыратын орын болмағандықтан оның 90 проценттен астамы жойылады. Ал жүн өңдейтін кәсіпорын құрылысы биыл желтоқсанда аяқталады. Болашақта мал терісінен өнім алу да жоспарға қойылған.
Панабек Бимұратов, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
- Ал тері өңдеу жағынан ол да жоспарда тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген жол картасы на сүйенсек, ол 2025 жылдың желтоқсан айында іске қосылу керек. Оған біздің индустриялық зонада жер қарастырылған.
Өңір экономикасында жеңіл өнеркәсіптің үлесі көп емес. Негізінен аяқ-киім және арнайы киім тігу ісі жолға қойылған. Енді бұл салаға көбірек инвестиция тарту көзделіп отыр.
Нұртуған Оралбаев, индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазақстандық өнімді одан әрі арттыру үшін жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарды іске асыру мақсатында негізі жұмыс атқарып жатыр бүкіл мемлекеттік орган тарапынан. Үш жыл бұрын осы көрсеткіш 17 кәсіп болып саналды. қазіргі таңға жеңіл өнеркәсібінде 21 кәсіпорын жұмыс атқарып жатыр.
Жоспар бойынша алдағы үш жылда қайта өңдеу саласында 30 жоба іске асырылмақ. Оның арасында мал терісі мен жүнінен өнім шығару да бар.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев