Заңсыз иемденілген активтерден 235 млрд теңге қайтарылды

2022 жылдың ақпанында ел Президенті заңсыз алынған активтерді елге қайтару қажеттігін айтқан болатын.

Өз сөзінде: «активтерді қайтару ресурстардың шағын элитаның қолында шоғырлануын азайтады, сол арқылы бәсекелестік пен елдегі жалпы экономикалық жағдай жақсарады», – деді. Осыдан кейін елімізде заңсыз мүлікті мемлекетке қайтару туралы заң әзірленіп, 2023 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы бұл заңға қол қойды. Ал жақында ғана Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен заңсыз активтерді қайтару комитетінің штаты ұлғайтылды. Штат арнайы жиындар өткізіп, активтерді қайтару бойынша бірқатар шешімдер қабылдады.

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару жөніндегі комитет төрағасы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдың басынан бастап барлық мемлекеттік органдармен, оның ішінде көбінесе құқық қорғау органдарымен заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөнінде кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Сол кезден бастап мемлекетке 1,5 трлн-ға жуық тұратын активтер қайтарылды. Үкіметтің шешімімен ол қаражатты халыққа, қоғамға, мемлекетке ең қажетті деген әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады.