Түркістан облысында туристік аймақтарды дамытуға ₸17 млрд бөлінді
Биыл Түркістан облысында туристік аймақтардағы инфрақұрылымды дамытуға 17 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ.
Өңірде саяхатшылар ағыны толастамайтын орынның бірі – Отырар өңірі. Мұнда жылына жүздеген мың турист келеді. Тарихи нысандардың жаңа маусымға дайындығы қалай? Инфрақұрылым мәселесі шешілген бе?
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде 4 туристік нысан бар. Соңғы 5 жылда қорық аумағындағы инфрақұрылымды дамытуға жарты миллиардтан астам теңге бөлініп, келушілерге ыңғайлы жағдай жасалған.
Нұрқанат Баймаханов, музей қызметкері:
- Бұрын туристік кешендерге, Отырар төбеге бару қиын болатын. Шаң, шөп, жантақ деген сияқты. Қазіргі инфрақұрылым, жаяу аралуға бөлек аяқжол салынған, 6 адамдық электрокарлар бар. Туристерге емін-еркін аралауына барлық жағдай жасалған.
2022 жылы көне Отырарда жаңғырту, сақтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сол кезде ауызсу, электр жүйелері тартылып, жарық шамдары орнатылған. Келушілердің қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары пайда болды. Қазір Отырар қалашығы аумағында туристерге арналған 14 нысан бар. Мамандар жайлы инфрақұрылымның нәтижесінде саяхатшылар саны артқанын айтады.
Нұрсұлтан Бекешов, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің бөлім меңгерушісі:
- 2023 жылдың қорытындысы бойынша 278 мың турист келсе, оның 40 мыңдайы шетелдік туристер болды. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша 50 мыңнан астам турист келді. Бұл – біз үшін өте жақсы көрсеткіш.
Отырар мен Түркістанды жалғайтын 70 шақырымдық жолдың құрылысы жартысына таяды. Жұмыс келер жылдың соңында аяқталуы тиіс. Күрежолдың бойында туристер тоқтап, тынығатын арнайы орындар болады.
Досхан Рахматуллаев, Отырар аудандық ТҮКШ және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы:
- Бұл жол туристік бағыттағы Түркістан қаласы мен Арыстан баб кесенесіне келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында салынып жатыр. Жол 4 жолақты болады. Еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген азаматтарға, көлік жүргізушілерге қолайлы орта жасау мақсатында қолға алынып, іске асып жатқан шара.
Бұдан бөлек, биыл Сауран қалашығы мен Қасқасу тау-шатқалы бағытындағы жолдар жөнделеді. Туристік аймақтардағы жол бойына 8 санитарлық-гигиеналық торап салынады.
Нұрдәулет Медеуов, мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Ақмешіт немесе басқа да туристік нысандарымыздың бойында санитарлық-гигиеналық тораптар сын көтермейді. Биыл өңірдегі туристер ең көп баратын негізгі туристік нысандарда жаңадан санитарлық-гигиеналық тораптар орнату жоспарланып отыр.
Ал «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» аясында 40-тан астам ауқымды шара өтеді. Сонымен қатар инвесторлар есебінен 25 млрд теңгеге 20 туристік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жыл соңына дейін 470 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.