Қостанай облысында 5 млн га алқапқа дәнді дақылдар себіледі

Қостанай облысында биыл 5 миллион гектардан астам алқапқа дәнді дақылдар себіледі, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір егіс жұмыстары аяқталуға таяды. Бір қуанатыны, топырақта ылғал мол. Диқандар жыл берекелі болады деп қуанып отыр. Алайда оларды мазалаған мәселелер де жоқ емес.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Бастапқы болжам бойынша биыл – егін егуге қолайлы жыл. Ең бастысы, топырақта ылғал мол. Мысалы, былтыр 60 см тереңдікте болса, биыл ылғал мөлшері бір метрге дейін жетеді. Сондықтан сол ылғалды тиімді пайдалану үшін облыстың оңтүстік аудандары дәнді-дақылдар себу жұмыстарын бір апта бұрын бастады.

Арқалық қаласының аумағындағы шаруашылықтардың егістік жері – 326 мың гектар. Басым бөлігі – бидай. Көктемгі тасқын суы мұндағы алқаптарға жете қоймапты. Сондықтан науқанды еш кедергісіз дер кезінде бастап кеткен. Кәнігі диқандардың биылғы жылдан үміті зор.

Руслан Құлетов, Арқалық қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Болжам бойынша биылғы жылы бізде егін жақсы болады деп ойлаймыз. Себебі ылғалымыз жеткілікті. Дер кезінде егіп, дер кезінде жинап, жақсы өнім күтіп отырмыз. Біз негізі жылда 8 бен 10-ның арасында деп отырдық, енді біздің болжамымыз бойынша 12-15 центнер орташа түсім.

Үмітпен бірге күдік те жоқ емес. Кейбіреулер әлі күнге жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай, субсидия ала алмай, сергелдеңге түсіп жүр. «Техника, тыңайтқыштардың бағасы жыл сайын көтеріледі», – дейді шаруалар.

Марат Ахметов, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Қостанай филиалының төрағасы:

- Субсидия көтерген сайын бәрі қымбаттайды. Техникасы болсын, тыңайтқыш болсын, шынында, мінеки, қыстыгүні желтоқсан айында 180 мың тенгеден болды мынау Казфосфаттың тыңайтқышы. Ал мынау 60% субсидия болғаннан кейін бірден 220-240 дейін көтеріліп кетті.  Казфосфат бүгінгі күні шартқа отырған уәделерін өтей алмай отыр. Мінеки, біраз шаруа егіндерін бітіріп жатыр, ал тыңайтқыштар ала алмай отыр.

Бұл салаға үкімет тарапынан бөлініп жатқан қаржы аз емес. Жыл сайын  агроөнеркәсіп кешеніне бюджеттен 180 миллиард тенге қаралады. Биыл оған қосымша 400 миллиард тенге тағы бөлініп отыр. Оны 5%-тік мөлшерлемемен несие ретінде алуға болады. Өңірге іссапармен келген вице-премьер Серік Жұманғарин шаруаларды тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселесі оң шешілетіндігін айтты.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министірінің орынбасары:

- Толығымен субсидияны береміз. Фермерлерге біздер айттық. Зауыттардың иелерін шақырдық. Бере беріңіз деп, себебі әрбір өңір өзінің хатымен зауыттарға кепілдік берді. Субсидияны төлейміз деп уақытында. Сол себепті фермерлер аграрлық несие корпорациясынан «оборотқа» қаражатты 5%-ке алып, өзінің 40%-ін тыңайтқыштарға төлей берсін. Қалғандары – біздің шаруамыз. Ешқандай проблема болмайды.

Биыл шегірткенің жаппай таралу қаупі де жоқ емес. Әсіресе бұл мәселе Түркістан, Ақтөбе, Қостанай облыстарында өзекті. Вице-премьердің айтуынша, Түркістанда зиянкестер ошағы түгелдей дерлік жойылды. Қазір Ақтөбеде жаппай химиялық өңдеу жүргізіліп жатыр. Одан кейін барлық күш Қостанайға бағытталады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.