Қазақстанның «жаңа мұнайына» әлемнен сұраныс артты

«Жаңа мұнайға» сұраныс артты. Ғылыми техникалық прогресс алға басқан сайын электротехника, аэроғарыш сынды жоғары технологиялық салалар сирек металдарды көбірек қажет ете бастады.

Ал сирек метал өндірісіндегі Қазақстанның үлесі қомақты. Мәселен, отандық кәсіпорындар әлемдегі марганецтің 5 пайызын беріп отыр. Ендігі мақсат – осы көрсеткішті 12 пайызға жеткізу.

Президент былтырғы Жолдауында сирек металдарға «жаңа мұнай» деп баға берді. Себебі әлемдік нарықта күн санап сұраныс артып келеді. Және құны да қымбат. Мәселен, сәуір айында иридийдің бір грамы 157 АҚШ долларына, родий 151 долларға бағаланды. Сондықтан Үкімет сирек металдар өндірісін ұлғайтуға бел буып отыр.

ГРАФИКА

Сирек металдар құны

(сәуір, 2024 жыл)

иридий – $157,54

родий – $151,91

рутений – $14,15

осмий – $12,86 

Ғалым Нұржанов, барлау компаниясының бас директоры:

- Кеңес одағы уақыты кезінде сирек кездесетін металдарды бөлек геологиялық ізденіс жұмыстары жасалмаған. Олар яғни өздеріңіз білесіздер, ол кезде олардың бағасы да басқаша болды, нарықта олардың керегі болмады деп айтуға болады. Оларды біздің Қазақстанда мысалға мыс, алтын, полиметалл кен орындарын іздеген кездерде қосымша металл ретінде оларға қорларын есептеп кетіп жатты. Ал енді қазіргі уақытта сирек кездесетін металдарды бөлек геологиялық ізденіс жұмыстарын жасап, үлкен бағдарлама жасап, оларға көңілдерін бөліп жатыр.  

Үкімет 2027 жылға дейінгі барлау жұмыстарына 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Енді қосымша 37 млрд теңге жұмсалуы мүмкін. Бұл қаражатқа 18 кен орнында барлау жұмыстары жүргізіледі.

Былтыр елде 55 мың тонна – кобальт, 841 мың тонна никель және 151 мың тонна литий қоры бары белгілі болды.

ГРАФИКА

Былтыр анықталған қор

кобальт – 55 мың тонна

никель – 841 мың тонна

литий – 151 мың тонна

Тұрар Жолмағамбетов, ҚР ӨҚМ өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:

- Біз өткен жылдан бастап литионные батареи дейді ғой. Соның қажетті өзінің 5 элементі болады. Ол графит, литий, никель, кобальт және марганец. Соның марганецінің өндірісін біз елімізде қостық. Бүгінгі күні әлемдік нарықтың 5 пайызы Қазақстанның еншісінде. Келесі жылы біз оны 10-12 пайызға жеткіземіз. Және алдағы уақытта никель бойынша тоже никель сульфатын да жасайтын боламыз. Ол литиондық батареяға қажетті. Ең бастысы бұның барлығы отандық компетенция. Яғни өзіміздің кәсіпорындардың, өзіміздің ғалымдардың тапқан өндірісі болып табылады. 

Бүгінде сирек металдар өндірісі бойынша Қытай көш бастап тұр. Әлемдік өндірістің 60 пайыздан астамы тиесілі. Еуропалық компаниялардың барлығы дерлік шикізатты осы елден алады. Ал Үкімет үлесті ұлғайту мақсатында шетелден инвестор тартуға күш салып жатыр. 

Тұрар Жолмағамбетов, ҚР ӨҚМ өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:

- Еуропаға қажетті 35 сирек металл бар. Соның 19-ын бүгін Қазақстан өндіріп жатыр. Дәл 19-ын бүгін өндіріп жатыр, сол 19-ын жеткізіп жатырмыз. Енді қалған металдар бойынша бізде жер қойнаулары бар. Қазір шетелдік инвесторлармен жұмыс істеп жатырмыз. Мысалға айтатын болсақ, біз британиялық кәсіпорынмен бағана министр Шарлапаев айтып өтті, қайта өңдеу, самолеттің лопестерін қайта өңдеп, металл шығарады. Британиямен бірігіп, сол кәсіпорындарды Қазақстанда өндіріп жатырмыз.  

Елде 5 мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Әзірге ел аумағында сирек металдың бериллий, висмут, литий, селен, тантал сынды ондаған түрі анықталды. Бұл тізім әлі де ұлғаяды. Себебі биыл тағы 12 учаскедегі барлау жұмыстары аяқталады.

Нұрқанат Қанапия, Абдулхамит Бөлекбаев