Қазақстандықтар Корея өнімдерін белсенді тұтынады
Биыл Оңтүстік Кореяның косметика өнімдерінің экспорты 20%-ке артты, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл елдің тауарларын белсенді тұтынатындардың қатарында қазақстандықтар да бар. Корея Қазақстанның ең ірі 5 инвесторының тізіміне кіреді. Біздің елге косметикадан бөлек, автобөлшектер мен смартфондарды импорттайды. Тағы қай өнімдерге сұраныс жоғары?
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Корей тауарларына сұраныс жыл сайын артып келеді. Оған дәлел мынадай шағын дүкен-кафелер. Мұнда қалаған кеспені сатып алып, бірден дайындап дәмін көруге болады. Осылайша, сіз корей атмосферасына бөленіп, өзіңізді сол елде жүргендей сезінесіз.
Корей тағамының түр-түрі ұсынылған бұл дүкенге жасөспірімдер жиі келеді. «Олар мектептен кейін достарымен, q-pop әуендерін тыңдап, суши мен кеспелерімен ауқаттанғанды жақсы көреді», – дейді сатушылар.
Әйгерім Хайдар, Корея тауарлары дүкенінің әкімшісі:
- Халық тұтынғысы келеді. Біздің нарықта ол даму үстінде. Біз сияқты көптеген жерлер ашылған. Көбінесе рамен сол, тез дайындалатын лапша түрі, соған қатты қызығады. Оның бізде 100-ден астам түрі бар. Ол тек, мысалы, рамен жағынан. Басқа сағыз болсын, ішетін түрлі сусындар болсын, олардың да түрі жеткілікті бізде. Бәрін тұтынады, алады, қызығады.
Ал қыз-келіншектер арасында корей косметикасына сұраныс жоғары. Нәзік жандар бетті әрлеуге арналған тауарлармен қатар үй шаруашылығына қажет заттарды да сатып алады. Мұнда корей халқының ұлттық киімі де бар. Корей тауарлары дүкенінің астанада ашылғанына 12 жыл болған. Мұнда күніне 60 адамға дейін сауда жасайды.
Алена Ким, сатушы:
- Бізде косметика, сусабындар, тұрмыстық химия заттары мен витаминдер бар. Дүкеннің ашылғанына 12 жыл болды. Біз Кореядағы зауыттармен тікелей жұмыс істейміз. Тауарлардың сапасы жақсы, сондықтан тұтынушылар да көп. Әсіресе соңғы 3-4 жылда корей косметикасын пайдаланушылар саны еселеп артты.
Өткен жылы екі елдің тауар айналымы 6 млрд долларға жетті. Біздің еліміз Кореяға металлургия, мұнай-химия, тамақ және құрылыс өнеркәсібі өнімдерін жеткізді. Ал ол жақтан автомобильдерді, бөлшектерді, смартфондар мен косметиканы импорттады. Жалпы автонарықта қос елдің байланысы берік. Қазақстандық жүргізушілердің дені корей көліктерін таңдайды. Сәйкесінше оларға қызмет көрсетету орталықтары көбейіп келеді.
Дидар Жанаев, автобөлшектер сату бөлімінің менеджері:
- Корея мемлекетінен машиналарға автобөлшектер сатылады. Корея машиналары мықты, жақсы жағынан өздерін көрсетті. Автобөлшектер қымбат емес. Осы күнге шейін әлі Корей мемлекетінен қазақтар Hyundai, Kia әллі келіп жатыр, сондықтан сұраныс көп болып жатыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Корея Қазақстанның ең ірі 5 инвесторының тізіміне кіріп, Нидерланды, Ресей, Швейцария және Қытайдан кейін жайғасты. Алдағы уақытта алыс-берісті арттырып, барлық салада серіктестікті кеңейту жоспарланған.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Серік Қоңырбаев, Мұрат Әріпханов.