Еліміздегі кәсіпорындардың 47%-іне әйелдер жетекшілік етеді

Биыл жыл басынан елде 82 мың әйел жұмысқа орналасты, деп хабарлайды 24kz.

Оның 20 мыңы тұрақты қызметке тағайындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды 24kz.

Жұмысбастылық деңгейін арттыруға арналған жиында ауыл әйелдері арасында кәсіпкерлікті дамыту туралы сөз болды. Ұлттық экономика министрлігі ұсынған дерекке сәйкес, елде 2 млн-нан астам кәсіпорын тіркелген. Оның 47%-іне әйелдер жетекшілік етеді. Халықаралық демеушілердің бірі ұйымдастырған арнайы әлеуметтік жобасы шеңберінде 2019 жылдан бастап мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға 200-400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз гранттар бөлініп жатыр.

Жанерке Қожамұратова, кәсіпкер:

- Кәсіппен 2016 жылдан бері айналысамын. Былтыр 2023 жылы «Cola-Cola Belesteri» ұжымынан 3 мың АҚШ доллары көлемінде грант ұтып алдым. Сол гранттан кейін Қарағанды қаласынан кішігірім дүкен және цех аштық. Онда қазір 6 адам жұмыс істейміз. Тұсаукесер жабдықтары, қыз балаларға көйлек, ұл балаларға костюм тігеміз.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

- Жалпы әйелдің басты кедергілері өз-өзіне сенбеуі, қаражаттың жеткіліксіз болуы, кей кезде отбасының қолдамауы, тиісті білімнің болмауы әйелдердің өз-өзін тануына кедергі болып келді.