Қазақстан Қытайдың ірі порттарынан жүкті тікелей тасымалдай алады

Енді отандық компаниялар Қытайдың ірі порттарынан жүктерді тікелей тасымалдай алады.

Қазақстанның жүк көліктеріне Қытайдың шалғай аудандары мен теңіз порттарына емін-еркін кіруге мүмкіндік беріліп отыр. Қос елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге шығарып отырған құжат сенат қабырғасында мақұлданды.

Қазақстан әлемнің 42 елімен тұрақты жүк тасымалын жүзеге асырып келеді. Бұл тұста бауырлас түркі елдерімен барыс-келіс, алыс-берісіміз көбейгені қуантады. 2023 жылы Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы жүк тасымалы 35 млн тоннаны құраған. 

- Айталық, Өзбекстанмен былтыр транзиттік жүк тасымалы 23 млн 545 мың тонна, Қызғызстанмен 6 млн 496 мың тонна, Түркиямен 4 млн 175 мың тонна және Әзірбайжанмен 498 мың тоннаны құраған. Аталмыш түркі елдерімен жүк тасымалы бір жылдың ішінде 20 пайызға артып отыр дейді мамандар. Ақтау портында салынатын контейнерлік хаб пен кедендік рәсімдердің жеңілдетілуі тасымалдау көлемін тағы да еселей түспек. 

Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:

- Ақтау және Құрық портының теңіздің түбін кеңейту жұмыстарын жасап жатырмыз. Биыл Құрық портына 22,3 млрд теңге бөлінген, бұл жұмыс биыл бітеді. Контейнерлік хаб биыл ТЭО-сы бітті, оған 43 млрд теңге бөлінген, ЛянЮнган портымен қоса инвестиция тартылған предприятия жасайды. 

Сенаторлар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялауды. Бұл келісім еліміздің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге шығарады. Құжатқа сәйкес, енді қазақстандық жүк көліктері Қытайдың түкпір-түкпіріне емін-еркін қатынап, осы елдің ірі теңіз порттарына дейін жете алады. Бұрын қазақстандық жүк көліктері Қытайдың шекаралас аудандарына барып-қайтумен ғана шектелетін. 

Алишер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жаңа келісім тасымалдау үдерісін жетілдіруге, сондай-ақ екі елдің аумағына автокөліктердің емін-еркін ішкерілей енуіне мүмкіндік жасайды. Бұған дейін келісіге сәйкес қос мемлекеттің көліктері шекара маңындағы қалаларға кіре алатын. Енді отандық тасымалдаушылар жүк шоғырланатын ірі халықаралық теңіз порттарына бару мүмкіндігіне ие болмақ.

Сенат қабырғасында қабылданған құжаттар Қазақ елін ірі транзиттік хабқа айналдыруы тиіс. Алайда, мыңдаған жүк көліктері басып өтетін жолдарымыздың сапасы қандай, олар халықаралық талапқа жауап бере ме деген ой мазалайды. 

Оны күтіп баптауға болашақта бюджеттен бөлінетін қаржы жете ме деген орынды сұрақ туындайды. 

Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Халықаралық және республикалық маңыздағы автожолдың бір шақырымын салуға 1,5-2 млрд теңге жұмсалады. 2023 жылы ақылы жолдарды күтіп ұстауға 68 млрд теңге жұмсалған, ал жиналғаны тек 30 млрд теңге. Осы орайда транзиттік саладан экономикалық пайда қандай болады, министрліктің бұған жоспары бар ма? 

Көлік министрлігінің мәліметінше, биыл республикалық және халықаралық жолдарды күтіп ұстауға 70 млрд теңге бөлінеді. Ал ел аумағынан өтетін шетелдік жүк көліктерінен бюджетке едәуір қаржы  түседі.  

Қуандық Танабас, Ержан Рахманбердиев