Созақ ауданында түйе саны көбейді
Түркістан облысы Созақ ауданында түйе басы 17 мыңға жетті.
Ойсылқара тұқымының 9 мыңы аналық болса, мыңнан астамы сауылады. "Жалпы өңірде түйе шаруашылығы жақсы дамып келе жатыр", - дейді мамандар. Өркешті жануарды бағып, кәсібін дөңгелітіп отырған шаруашылық ісімен осы өңірдегі тілшіміз танысып қайтты.
Созақ ауданында түйе өсіріп, шұбат дайындап отырған шаруалар аз емес. Солардың бірі Сызған ауылында тұратын Дүйсенбековтер әулеті. Ата кәсіпті үзбей жалғастырып келе жатқан отбасы ойсылқара төлінің басын 300-ге жеткізіпті. Күніне 20-дан аса түйе сауып, сүтін өткізеді.
Бекзат Дүйсенбеков, кәсіпкер:
- Сұраныс жақсы, біз литрін 700 теңгеден өткіземіз. Таза сүтті өткіземіз. Біз жем-шөбін бермейміз өзі даладан жайылып келеді. Басқа ешқандай мәселе жоқ, бәрі дұрыс.
Дүйсенбековтер әулеті түйеден бөлек, мың бас қой, 200 бас жылқы, 30-ға тарта іріқара ұстайды. Жайылым жеткілікті. Төрт түлікке қысқы жем-шөпті күз айларында қамдап алады. Қазір қожалықта 1 сауыншы, 2 бақташы жұмыс істейді.
Күләш Маханбетова, сауыншы:
- Осы жерде 3 ай болды жұмыс істеп жатырмын, сауыншымын. Азанда келемін 6-дан 9-ға дейін түйе сауамын. Одан кейін демаламын. Түскі асымды ішіп алғаннан кейін сағат 3-де қайтадан түйе саууға шығамын. 23 түйе сауамын күнделікті. Күделікті 40 литр, 80 литр өткіземіз.
Созақ өңірінде 100-ге жуық түйе шаруашылығы бар. Олардың әр қайсысы 100-ден 300-ге дейін түйе ұстайды. Мыңнан астам ойсылқара тұқымы сауылады. Ауданда тәулігіне 3 тоннаға жуық қымыран өндіріледі. Облыс аумағанда 5 түйе сүтін қабылдау бекеті, 3 қайта өңдеу цехы жұмыс істейді. Облыс шаруалары биылғы жылдың 5 айында 610 тонна шұбат өндірген.
Абзал Құттыбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Өздеріңіз білесіздер, облыста 2018 жылы құрғақ сүт шығаратын зауыт ашылды. Қазіргі таңда ол облысымыздың аудандарында өздерінің сүт жинайтын пункіттерін қойып, қазір түйе сүтін 800-1000 теңгеден қабылдап жатыр. 2023 жылы мал шаруашылығын субцидиялау, оның ішінде түйе сүтінің құнын арзандату мақсатында 309 млн теңге қаралып, 30 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Жалпы Түркістан облысында 45 мыңнан аса түйе бар. Мамандар соңғы жылдары Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде түйе шаруашылығына қызығушылық артқанын айтады. Мәселен өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында осы бағыттағы құны 130 млн теңге болатын 23 жоба қаржыландырылған. Жауаптылар түйе шаруашылығын дамытуға биыл да қомақты қаржы қаралады деп отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш