Транскаспий дәлізінің жаңа мүмкіндіктері талқыланды
Көпшілік «Орта дәліз» деп атап кеткен Орталық Азия, Түркия және Кавказ
арқылы Қытай мен Еуропа нарығын жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі өңірлік сауда-саттықты күшейтіп, елдер арасындағы байланысты нығайта түспек. Анкарада Жібек Жолынан - Орта дәлізге атты конференцияға қатысушылардың пікірі осындай. Жиынға қатысушы халықаралық қатынастар және тасымал мамандарының пікірінше, дұрыс бағыт пен бағдар белгілеп, инвестиция мен стратегиялық шешімдер қабылданған жағдайда Транскаспий бағыты бойынша сауда көлемі 3 есеге артып, дәліз арқылы жүріп өту уақыты екі есе қысқарады. Жол торабында орналасқан өңір мен оның тұрғындарының тұрмысына оң ықпал етпек.
Мұстафа Нуруллах Албайрак, түрік тасымал кәсіподағының басшысы:
- Әлемдегі геосаяси өзгерістер үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Орта дәлізді дамыту Орталық Азия, Кавказ елдері мен Түркия экономикасын институционалды тұрғыда тәуелсіз етіп, әлеуетін арттырады. Жергілікті және өңірлік экономиканың дамуына ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын құру, көмекші салаларға сұранысты ынталандыру және бизнесті тарту тұрғысынан халықтың басым көпшілігіне пайда әкеледі.
Жесурхан Таш, сарапшы:
- Азия мен Еуропа арасындағы сауда- саттық оңтүстік, орта және солтүстік дәліз арқылы жүзеге асатын. Украинадағы жағдайға байланысты солтүстіктегі жол жабылды. Қашан іске қосылатыны белгісіз. Оңтүстіктегі бағыт өте ұзақ және шығыны мол. Ең тиімдісі басым бөлігі Қазақстан арқылы өтетін Орта дәліз. Бұған президент Қасым-Жомарт Тоқаев «транзиттік хаб» деп маңыз берген болатын. Себебі Орта дәліз арқылы ең көп пайда табатын да Қазақстан. Тарихи Жібек жолын негізге алған бұл бағытқа Түркия қолдау көрсетеді.