Қазақстан-Қытай теміржолы дамып келеді

Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол қатынасы жылдан жылға нығайып, жемісті нәтижесін беріп келеді.

Былтыр қос ел арасындағы жүк тасымалы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 22 пайызға артып, 28 млн тоннадан асып түсті. Бұл – саладағы тарихи рекорд. Биылғы тасымал көрсеткішінде оң үрдіс сақталып келеді. Бес айдың ішінде Қытайға жөнелтілген жүктің көлемі 12,4 пайызға ұлғайып, 13 млн тоннаға жуықтады. Оның ішінде Қазақстан экспортының үлесі 5,7 млн тоннаға жетті.

Ақтаудағы логистикалық хаб құрылысына инвестиция тартылды. Қазақстан темір жолы мен Ляньюньган порты осы жөнінде стратегиялық келісімге қол қойды. Осылайша Транскаспий халықаралық көлік бағытымен жеткізілетін контейнерлерді түсіріп, тіркеу бойынша кешенді қызмет көрсетуге лайықты инфрақұрылым қалыптасады.    

Қуаныш Жақсыбек, "KTZ EXPRESS" АҚ операциялық қамтамасыз ету жөніндегі бас директордың орынбасары:

- Контейнерлік хаб Ақтау арқылы түрлі бағытқа жөнелтілетін жүктерді өңдеуге тиімді жүйе құруға сеп болады. Сонымен қатар, Орталық Азиядағы Каспий аймағы елдері үшін контейнерлік сервисті қалыптастыруға жағдай жасайды.  

Қытаймен Қазақстан арасындағы Сиань құрлық портының маңызы бұдан артық болмаса, кем емес. Жүк таситын теміржол пойызының 40 пайызы осы терминал арқылы өтеді. Жыл басынан бері Сианьға 75 контейнерлік пойыз жөнелтілген.

Қуаныш Жақсыбек, "KTZ EXPRESS" АҚ операциялық қамтамасыз ету жөніндегі бас директордың орынбасары:

- Қазақ-қытай терминалы – «Бір белдеу – бір жол» логистикалық хабындағы ең маңызды терминал. Қазақстандық экспорттаушыларға берері мол құрлық порты. Енді олар жүктерін қысқа мерзім ішінде межелі жеріне тікелей жібере алады.

Оңтүстік Шығыс Азия, Қытай, Орталық Азия, Таяу Шығыс, Ресей, Еуропа елдерімен байланыстыратын трансқұрлықтық логистикалық тізбектегі Сиань терминалының маңызы орасан зор. Дәл осы көлік дәлізі арқылы Қазақстанның халықаралық тасымал логистикасында ойып тұрып орын алатыны даусыз.  

Бақыт Топтаева, 24.KZ