Елімізде жеміс-жидектің небәрі 5%-і қайта өңделеді

Елімізде жеміс-жидектің 95 пайызы өңдеуден өтпейді.

Себебі сақтайтын қойма тапшы.  Сондықтан қайта өңдеу саласын дамыту маңызды. Алматы облысында жылына 3 мың тонна жеміс-жидек өңдейтін кәсіпорын жұмыс істеп тұр.  Комбинат күзде жергілікті шаруалардан 15 мың тонна алма қабылдайды. Бұл шаруашылықтар үшін өте тиімді. Германия және Голландия елдерінің озық технологиясы бойынша жұмыс істейтін  кәсіпорынның құлпынай өсіретін жылыжайы да бар. Ол 5.5 гектар жерді алып жатыр. Сонымен қатар 20 гектар жерге таңқурай егеді. Мұздатылған жеміс-жидек өнімдері Еуропалық Одақ пен АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдерге экспортталады. Кәсіпорын бүгінде 400-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін айтпаған күннің өзінде жеміс-жидек, көкөністердің тек қана 5-6 процентін өңдейміз де, 95 пайызын бүлдіріп аламыз. Жоғалтып аламыз, өңдей алмай қаламыз. Олар енді көп сақталмайды ғой. Сондықтан Үкіметтің алдында жеміс, көкөніс, алмаларды, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін жақсы өңдейтін заманауи кәсіпорындарды салуға  тапсырма берілді. Соның бірінші көрінісін осы біз көріп отырмыз.