Ұлытау облысында ауыл кәсіпкерлеріне ₸2,7 млрд несие берілді

Ұлытау облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 340-тан астам жоба мақұлданып, ауыл кәсіпкерлеріне 2,7 млрд теңге шағын несие берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Жоба қатысушылары көбіне мал шаруашылығына сұраныс білдірген. Жылдық үстемесі 2,5%-тік жеңілдетілген несие алған азаматтардың алды қазірдің өзінде кәсібін дөңгелетіп, табысқа кенеле бастады.

Кеңгірлік Шәрбат Нұржанова «Ауыл аманаты» жобасы бойынша елді мекенде алғашқылардың бірі болып кәсіп бастаған. Мемлекет ұсынған 8 млн теңгеге 170 бас аналық қой сатып алған. Жас саулықтар биыл алғашқы төлін берді. 170 бастан 140 қозы алған келіншек болашақта мал басын көбейтіп, шаруашылық құруды көздейді.

Шәрбат Нұржанова, Кеңгір ауылының тұрғыны:

- 2,5% ғой. Жақсы ғой жеңілдік. 1 жыл төлемейсің. Өзінің каникулы бар. Қой өзі тез көбейеді ғой бір жағынан. Әйтеуір үйдің маңайында ғана жүреді. Алысқа кетпейді жылқылар ұқсап. Балалардың өзі баға береді ғой. Ертең мына несиені жауып алсақ, тағы да алғымыз келіп отыр.

Облысқа қарасты аудандар негізінен ауыл шаруашылығына бейімделген. Сондықтан мемлекеттік жобаға қатысушылардың дені несиені осы мал шаруашылығына сұрап отыр.

Гүлшат Қалмұрзаева, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент басшысы:

- Жалпы Ұлытау облысына мемлекеттік бюджеттен 3 млрд 370 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 2,7 млрд теңге несие берілді ауыл тұрғындарына. Бұдан басқа, оң шешім қабылданған 184 млн теңге. Жұмыс барысында 83 млн теңге жобасында өтініш қаралып жатыр. Негізі 98%-і мал шаруашылығына беріліп отыр.

Бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие ауылдық жерде тұратын 342 кәсіпкерге берілген. Нәтижесінде бірнеше ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Өкінішке қарай, жоба қатысушылары арасында алған несиені мақсатсыз пайдаланған азаматтар да бар.

Гүлшат Қалмұрзаева, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент басшысы:

- Несиені мақсатсыз пайдаланған жағдайда шарт бойынша 25% айыппұл салынады және 3 күннің ішінде несие сомасы толық қайтарылады. Қазіргі тексеріс барысында мұндай жағдайлар анықталды. 25% айыппұл салынып, бүкіл сомасын өтеп жатыр.

Ауыл кәсіпкерлеріне арналған жеңілдетілген несиеге өтінімдер қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Бағдарлама үйлестірушілері өсімдік шаруашылығына және өңдеу саласына қатысты жобаларға басымдық берілетінін айтады. Себебі аталған салалардың дамуы өңірде кенжелеп тұр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.