Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты екі есе артады
Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты қайта жаңғырады, деп хабарлайды 24kz.
Кәсіпорынның өнім өңдеу қуаты енді екі есеге артады. Сонымен бірге зауытқа мұнай жетізетін құбырлардың өткізу қабілеті кеңейеді. Инвесторлардың қолдауымен қарқын алған басқа да жобалар жетерлік.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Қазақ-қытай арасындағы алыс-беріс көлемі 41 млрд долларға жетті. Тауар айналымы да күн санап өсіп келеді. Қазір екі ел құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев мәлімдеген еді.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өндеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды.
Шығыстағы көршілерімізбен шешілмеген мәселе жоқ. Мызғымас достығымыздың арқасында барыс-келіс те, алыс-берісте күн санап өсіп келеді. Мәселен, Қытай 15 жылда Қазақстанға 25 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Бұл ел, әсіресе, мұнай-газ өндіру саласында сенімді серіктесіміз. Осы бағыттағы уағдалы жобалардың жайы Қытай төрағасының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында пысықталған еді.
Талғат Макуов, ҚР ЭМ Мұнай өңдеу департаменті директорының орынбасары:
- Энергетика министрлігімен потенциалды әлеуетті инвестормен СНПС компаниясымен қол қойылды. Оның ішінде, келісімнің шеңберінде Шымкент мұнай өңдеу зауытын Орталық Азиядағы ең үлкен зауытқа жылдық қуаты 6 млн-нан 12 млн тоннаға дейін кеңейтеміз, үлкейтеміз зауытты.
Кәсіпорын қуаттылығы өссе, оған жеткізілетін шикізат көлемі де көбейетіні белгілі. Осы орайда Қазақстан – Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігі ұлғаяды. Мәселен, Кеңқияқ – Атырау құбыры 10-нан 15 млн тоннаға, Кеңқияк-Құмкөл құбыры 15-тен 20 млн тоннаға дейін мұнай өткізе алатын болады.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ғалымжан Абдлахат