Биыл 10 млн тонна бидай экспортталады

Биыл біздегі диқандар 24 млн гектар жерге егін екті, деп хабарлайды 24kz.

Оның 14 млн-на бидай дәні тасталды. Күзгі жиын-терімде алқаптың әр гектарынан 13-15 центнер астық аламыз деген жоспар бар. Бас-аяғы шамамен 19-20 млн тонна бидай қамбаға құйылады. Оның 9 млн тоннасы ішкі нарықта сатылады, қалғаны шет мемлекеттерге эскпортталады. Дегенмен, салада ілкімді істермен қатар іркілістер де бар. Ресей бидайы айналымдағы өнім бағасын айтарлықтай арзандататын көрінеді. Ал шаруалар ала жаздай еңбегін жерге ұрғысы жоқ. Қазір нарықтың баламалы жолдары іздестіріліп жатыр.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

- Сыртқы елдерге сататын нарықтарымызды ашсақ. Соңғы 3-4 жылда Қытай нарығы ашылды, соның арқасында біраз өніміміз сол жаққа шығып жатыр. Сондықтан екінші мәселе шикізаттай шығармай, оны дайын өнім ретінде шығарған жөн. Ол қосымша баға, қосымша пайда.

Біздегі бидайдың дені Орта Азия елдеріне экспортталады. Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде қазақстандық астыққа сұраныс жоғары. Кейінгі жылдары Қытаймен де алыс-беріс өскен. Биылдың өзінде шығыстағы көршіміз 2 млн тонна бидайды сатып алуға ниетті.