Бакуде Әзербайжан-Қазақстан ауыл шаруашылығы форумы өтті
Қазақстан Әзербайжанның Қарабақ өңірінде ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл туралы Бакуде өткен қазақ-әзербайжан ауыл шаруашылығы форумында айтылды.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Қазақстан мен Әзербайжан стратегиялық серіктестік аясында түрлі салада өзара ықпалдастығы арта түсті. Әсіресе, бауырлас екі елдің ауыл шаруашылығы секторындағы ынтымақтастығының әлеуеті зор. Бакуде бас қосқан сала мамандары осылай деп отыр.
Әлім Байел, Қазақстанның Әзербайжандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан және Әзербайжан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін елдер. Біздің бір-бірімізге және жаһандық нарыққа беретініміз мол. Қазақстанда әзербайжандық құрғақ жемістер мен дәнек түрлері көп. Сол секілді, Әзербайжанға біз бидай, арпа, май секілді өнімдерді экспорттай аламыз. Бүгінгі форумға қатысқан 60 кәсіпкер мен сала өкілдеріне осындай мүмкіндіктер бар екенін жеткіздік. Әзербайжанның жақын арада Ислам Азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына қосылатынына сенімдімін. Еліміз Қарабақ өңірінде ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.
Асылхан Жувашев, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұрын Қазақстаннан Әзірбайжанға астық сату көлемі айтарлықтай көп болатын. Әлем елдерінде инфлияция күшейіп, геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты ол біршама азайды. Қазақстан биыл астықты мол жинауға үмітті. Осы орайда біз Ақтаудан Баку портына дәнді дақылдарды жеткізуді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Әріптестерімізбен бірлесіп құрған «Баку астық терминалы» кәсіпорынымыз бар. Сол арқылы жүк тасымалын арттырып, сауданы жандандыруды қалаймыз.
Еліміздің елшілігі ұйымдастырған форум барысында бизнес қауымдастығы өкілдері кездесіп, ауыл шаруашылығы саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Мамандар екіжақты серіктестікті кеңейту бойынша пікірлерін ортаға салды.
Анар Жафаров, Әзербайжан ауыл шаруашылығы инновациялар орталығының директоры:
- Екі елдің ауыл шаруашылық саласындағы байланыстарды нығайтуға бүгінгі форумның маңызы зор. Жиынға еліміздің 20 ірі компаниясы қатысып отыр. Олардың екі мемлекетте жүзеге асырмақ нақты жобалары бар. Біз бауырлас елмен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау және саудалау бойынша тәжірбиемізбен бөлісуге дайынбыз.
Былтыр еліміз сыртқы нарыққа 9 миллион тонна астық пен 24,4 мың тонна ет экспорттады. Жуырда Қазақстан мен Әзербайжан ветеринариялық сертификаттар бойынша келісімге келді. Енді отандық өндірушілер ірі және ұсақ малдан алған сүт пен сүт өнімдерін Әзірбайжанға экспорттай алады. Сондай-ақ құс етін, ішкі өнімдер мен жанама өнімдерді жеткізуге келісті.
Авторы: Меруерт Қанағат