Жезқазғанда жел электр станциясы салынып жатыр

Ұлытау облысында жел электр станциясы салынып жатыр. Құны 24,5 млрд теңге болатын инвестициялық жоба құрылысы жыл соңына қарай аяқталады, деп хабарлайды 24KZ.

Сол кезде Жезқазған мен Сәтпаев қаласында 100 мегаватт баламалы энергия өндіретін станция іске қосылады.

Жезқазғандағы арнайы аумақта құрылыс жұмыстары басталды. Қазір 16 генератордың әрқайсысының жеке іргетасы құйылып жатыр. Құрылғылар орнатылған соң желден энергия алынып, Сәтбаев қаласындағы подстанцияға жіберіледі.

Алмат Саухимов, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары:

- Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың наурызының аяғы мен сәуірдің басынан салынып жатыр. Биыл 2024 жылы бұл объектіні іске қосып, 100 мегаватт тоқ шығарып, сол тоқты КЕГОК-тың Никольский 1 станциясына өткізу жоспарда.

Құрылыс жұмыстарына 50 шақты адам жұмылдырылған. Нысан іске қосылғанда 11 маман тұрақты жұмысқа орналасады. Тың жобаны қазақстандық және қытайлық 3 компания жүзеге асырып жатыр. Бұдан бөлек, Жаңаарқа ауданында тағы бір станция салынады.

Жангелді Бөгенбаев, Ұлытау облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Жаңарқа ауданында 1000 мегаваттық жел электр станциясын орнату. Бұл жоба 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құжаттама жұмыстары рәсімделіп жатыр. 20 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңда жел бағытын анықтау үшін «вышка» орнатылды.

Жезқазғандағы индустриялды аймақта жел электр станциясына қажет қондырғыларды шығаратын зауыт ашу көзделген. Өндіріс орнында жылына 100 құрылғы құрастыру жоспарланып отыр.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Елизавета Шалина,  Нұрбол Үздікбаев.