Қорғаста әуежай салынады

Жетісу облысындағы Қорғас кеден бекетіне әуежай салу қарастырылуда.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен ІІІ Қазақстан - Сауд Арабиясы іскерлік кеңесінде айтылды. Жаңа жобаға араб елінен 2,5 миллиард доллар инвестиция тартылмақ. Мұндағы мақсат екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін арттыру. Ол үшін әуе жолы арқылы тікелей логистика жасалады. Кеңеске Сауд Арабиясынан елуден аса және елімізден оннан аса кәсіпкер қатысып, өзара сауда көздерін қарастырды. Арабтар Алматы қаласының туристік әлеуетін арттыруға да қызығушылық білдірді. Айта кетейік, Қазақстан - Сауд Арабиясы іскерлік кеңесінің алғашқы жиыны былтыр Астанада өтті. Екінші кеңес Эр-Рияд қаласында болды. Нәтижесінде қазақстандық ІТ хаб ашылды. Ал әуежай салынатын болса тауар тасымалы жылдамдайды. 

Қанат Құдайберген, Қазақстан - Сауд Арабиясы іскерлік кеңесінің тең төрағасы:

- Өйткені бұл логистикалық проблемаларға байланысты. Өйткені бізге тауарларды Сауд Арабиясының нарығына жеткізу немесе Сауд Арабиясынан бері жеткізу өте қиындау болып тұр. Сол мәселелерді шешу үшін келісімдерге келіп жатырмыз. Ол мынау Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында авиа арқылы жүк тасымалдау. 

Ахмед Әли әль-Дахиль, Қазақстан - Сауд Арабиясы іскерлік кеңесінің тең төрағасы:

- Жақында бізде Эр-Рияд қаласында әл-Фараби инновациялық хабы ашылды. ІТ саласындағы компанияларға жаңа технологиялармен қолдау көрсетеді. Біздің кәсіпкерлер жасыл энергия, ауыл шаруашылығы, туризм, геология саласына қызығушылық танытып отыр. Бұдан басқа инвестиция салатын, сауданы арттыратын секторларды іздестіріп жатырмыз.