Жаңаөзенде су тазарту кәсіпорынының қуаты артады
Келер жылы Жаңаөзенді тіршілік нәрімен қамтып отырған кәсіпорынның қуаты артады.
Мұнда әрқайсысы 10 мың текше метр су жинайтын 3 резервуар салынады. Сонымен қатар кәріздік тазарту құбырлары жаңартылады. Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев бұл жобаларды межеленген мерзімде іске қосуды тапсырды.
Жаңаөзенде 152 мыңнан аса адам тұрады. Тұрғын саны жыл санап өсуімен тіршілік нәріне сұраныс артып келеді. Су тазарту мекемесі тәулігіне 25 мың текше метр тіршілік нәрін өндіреді. Ал жаз айлары қаланың сұранысы 45 мың тешке метрге дейін барады. Өзекті мәселені шешу үшін арнайы жоба жасақталды, - дейді мамандар.
Мерген Қапарбаев, су тазарту мекемесінің бас инженері:
- Қолданыста қазір өзіміз су жинайтын 60 мың кубтық қоймамыз бар. Соның үстіне қазір 30 мың кубтық су жинау қорын, резервуарлар дайындау жобасы дайындалуда. Бұл дегеніміз, ертең қандай да бір апаттық жағдай болғанда 3 күнге судың қорын жинау деген мәселе. Негізінен су Жайықтан келеді. Атыраудан 942 километр қашықтан келеді су бұл жерге. Келген су техникалық болып келеді. Біз қабылдап алып, тазартып химиялық қоспаларды қосып әрі қарай фильтрден өткізіп халыққа беріп отырмыз.
Қалада су құбырларының жалпы ұзындығы 98 мың метрден асады. Соның 42 мыңға жуық метрі тозған. Жартысы жаңартылып жатыр. Бұдан бөлек, кәріз жүйесінің басым бөлігі ауыстыруды қажет етеді. Екі кезеңнен тұратын жобаның құны 5,5 млрд теңге. 2025 жылы кәріздік тазарту құбырларын қайта жаңғырту күн тәртібінде тұр. Үкімет басшысының орынбасары бұл жұмысты жеделдетуді тапсырды.
- Қазақ газ өңдеу зауытында жаңа компрессорлық қондырғы іске қосылған.
Маңғыстауда 10 көліктің 8-і сұйытылған мұнай газымен жүреді. Жаңаөзендегі зауыт айына 18 мың тонна көлік отынын дайындайды. Жақында жаңа компрессорлық қондырғының іске қосылуымен өндіріс орнының қуаты артқан.
Болат Байшуақов, зауыт директоры:
- 51 жылдық өзінің еңбек өтілі бар. Өзінің алдына қойылған мақсатын қазіргі таңда орындап тұр. Өзенмұнайгаз, Маңғыстаумұнайгаз, үлкен кенорнын игерушілерден шикі ілеспе мұнай газын алып, оны өңдеп әрі қарай елге сұйытылған мұнай газын және тауарлық газды беріп тұр.
Сұйытылған көлік отынына сұраныстың артуымен Жаңаөзенде жаңа зауыт салу жоспарда тұр. Қазір мердігер құжаттарды әзірлеп жатыр. Қанат Бозымбаевтың сөзінше, озық үлгідегі кәсіпорын тұрғызу көп уақыт алмайды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Құрылысының бітуі 2027 жылы. Оны ерте жасауға болады. Қараймыз, зерттейміз. Сондай шешім қабылдайтын боламыз. Ал ескі зауытта перепрофилирование жасалады. Дәл сол салада, бірақ басқа продукция шығаратын болады.
Үкімет мүшесінің Жаңаөзенге сапары қала активімен кездесумен аяқталды. Жиында үш ауысымды оқу жүйесі, білікті ұстаздар мен дәрігерлердің тапшылығы сөз болды. Қанат Бозымбаев өзге өңірлерден мамандар шақыртуға кеңес беріп, бірнеше мектептің құрылысын бастау үшін министрліктер мен обылс әкімдігіне қысқа мерзімде жұмыс жоспарын жасауды жүктеді.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев