Кәсіпкерлер қосымша құн салығын автоматты түрде қайтаруды сұрайды
Қосымша құн салығы автоматты түрде қайтарылуы керек. Кәсіпкерлер жаңа салық кодексі жобасына осындай өзгеріс енгізілгенін қалайды, деп хабарлайды 24kz.
Себебі, қазір бұл мәселе өте өзекті болып тұр. Ал салық органдары бұған жалған электронды шот-фактура жазып беретін кәсіп иелерін кінәлайды. Өйткені соның салдарынан мемлекеттік орган барлық қаржылық есептерді тексеруге мәжбүр. Қазір жалған құжат толтырудың алдын алу үшін e-Tamga жүйесі енгізіліп жатыр. Онда дебеттік шотында тиісті қаражаты жоқ кәсіпкерге шот-фактура толтыруға мүмкіндік берілмейді.
Дастан Қазиев, «Атамекен» ҰКП салық кеңесшісі:
- Бұл жүйені енгізудің негізгі мақсаты – бұл баяғыдан келе жатқан ҚҚС бойынша дебеттік сальдоны қайтару проблемасын шешу. Және жалған электрондық шот фактуралармен күрес. Біз бұл күресті әлбетте қолдаймыз. Бірақ егер бұл жүйе қолданысқа енгізіліп жатса, онда міндетті түрде бүкіл ҚҚС төлеушілеріне автоматты сальдоны қайтару институты енгізілуі қажет. Бұл ең негізгі біздің принципиальдық позициямыз.