Қазақ-өзбек кәсіпкерлері бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр
Қазақстандық кәсіпкерлердің Өзбекстан нарығына құйған инвестициясының көлемі артып келеді.
Мәселен, тек туризм саласында көрсеткіш 100 млн доллардан асқан.
Өзбекстан туризм комитетінің мәліметінше, кейінгі 3 жылда Қазақстан капиталымен 20-ға жуық туристік жоба жүзеге асырылған. Арадағы инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға қос тарап та мүдделі.
Қазақ кәсіпкерлері мұнда көбіне қонақ үй, таудағы демалыс және тау спорты бағытында бизнес ашуға қызығушылық танытады. Осындай инвестициялық жобалар Самарқанд, Бұқара, Хиуа, Ташкент облысында қолға алынған. Кейінгі 3 жылда 20 нысан іске қосылып, туристік мақсатта жұмыс істеп тұр. Тағы 10 ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.
Аброр Ходжамуноваров, Өзбекстан Туризм комитетінің басқарма басшысы:
- Әр инвестор шағын бизнестен бастайды. Бұл салаға құйылатын қаржы көлемі 1 миллион доллардан басталады. Кәсіпкерлер бұл салаға сұраныс артқанын байқап, инвестиция көлемін көбейте бастайды. Яғни, реинвестиция жасайды. Қазір Өзбекстанға келетін туристер ішінде қазақстандықтар көп. Сондықтан көршімізден кәсіпкерлердің келуі жиілеп жатыр.
Өзбекстанда қонақ үй бизнесі саласындағы инвесторларға 3 жылға субсидия беріледі. Франшиза алғандардың жарты шығынын мемлекет өтеп береді. Біздің ел кәсіпкерлері қолданып отырған жеңілдіктер осы. Жалпы Өзбекстанда қазақстандық 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Осыған дейін көрші елге инвестиция көлік, логистика, азық-түлік саласына құйылса, қазір тенденция өзгерген. Қазақ компанияларымен бірлесіп заманауи тұрғын үй кешендері салынып, дилерлік орталықтар ашылып жатыр.
Станислав Баграмов, Өзбекстан Инвестиция және сыртқы сауда министрлігінің департамент басшысы:
- Екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге шықты. Қос тараптың да ортақ күш-жігерінің арқасында сауда-саттық 4 млрд доллардан асты. Мемлекет басшылары оны 10 млрд-қа жеткізуді тапсырды. Осы мақсатта үкіметтік делегациялар жұмысы жолға қойылып, мазмұнды келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазір күн тәртібінде жалпы құны 2 жарым млрд доллар болатын бірлескен 60 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр.
Қазақстан өзбек инвесторларын құрылыс заттарын шығаратын зауыт құрылысына, тоқыма өнеркәсібіне шақырады. Көршімізде біздің ел нарығына кіруді көздеп жүрген біраз кәсіпкер бар. Соңғы 10 жылда Өзбекстаннан Қазақстан нарығына 33 млн доллар құйылса, қазақ бизнесмендерінің өзбек еліне салған инвестициясы одан 10 есе көп, яғни 401 млн долларға жетті.
Рауан Мыңбаев