FlyArystan компаниясына тексеріс жүргізіледі
Флай Арыстан әуе компаниясы 3 жарым миллион теңге айыппұл төлейді.
Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді. Қазақстандық тасымалдаушы әуе рейсі кешіктірілген кезде жолаушыларды қонақ үйге орналастырмаған. Әуе операторы тарапынан жолаушылар құқығын бұзған жалғыз бұл жағдай ғана емес. Жақында 12 жастағы баланы бортқа кіргізбей, далада қалдырғаны тағы бар.
Бір жарым ай бұрын егіз баласын Америкаға тіл үйрету курстарына жіберген оралдық Жазира Мусина қыздарының бірі үйге қиындықпен оралғанын хабарлады. Нью-Йорк-Стамбул, Стамбул-Астана бағыттары бойынша сапар сәтті орындалып, 21 шілде күні «Флай Арыстан» әуе компаниясының ұшағымен Астанадан Оралға қайтатын кезде техникалық ақау шығып, кәмелет жасқа толмаған бала бөтен қалада қараусыз қалып қояды. Алайда жолаушының ұшу билеті мен құжаттары түгел болған.
Жазира Мусина, Орал қаласының тұрғыны:
- Балалар жетекшісімен әуе компаниясы өкіліне жүгінген сәтте барлығын тіркеп, ұшаққа отыру талонын береді де, менің қызымды кейінірек тіркеп, бортқа өзіміз алып келеміз, техникалық ақау орын алды деп қалдырған. Алайда қызым маған телефон соғып, ұшаққа отырғызбай жатқанын айтады. Сосын жетекшісіне хабарластым. Оған да қызметкерлер Зере ұшақта болады деп айтқан екен. Бірақ олар ұшаққа отырғанда қызым болмаған. Сөйтіп жетекшісі жағдайды анықтамақ болғанда ұшақтың есігі жабылып, оған шығуға тыйым салынған. Осылайша олар ұшып кетеді де, қызым әуежайда жалғыз қалып, тіркеу орны алдында 3 сағат бойы жылаған.
Мұндай жағдайға қатты наразы болған ана әуе компаниясына және басқа да бірнеше өкілетті орынға шағым түсірген. Алайда еш жауап болмаған соң, бұл жағдайды көптің назарына шығарды. Қазір енді оқиға елге мәлім болып, шуға айналған соң әуе компаниясы кешірім сұрап, тіпті 4 млн теңге көлемінде өтемақы ұсынды дейді Жазира Мусина.
Жазира Мусина, Орал қаласының тұрғыны:
- Әуе компаниясының 21 шілдеден бері бізден кешірім сұрап, жағдайға түсініктеме беретіндей уақыты болды ғой! Олар неге дәл қазір жағдай ушыққан кезде маған хабарласып тұр? Менде қаржылай пайда көру деген ой атымен болмады. Мені тек баламның қорғансыз қалғаны қинады. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбаса екен деймін. 12 жастағы баланы жалғыз қалдыру үлкен қателік болды. Кәмелет жасқа толмаған баланың құқы аяққа тапталмауы керек!
Иә, 12 жастағы бала зардап шеккен оқыс жағдайға қатысты Оқу-ағарту министрлігі балалар құқытарын қорғау комитеті де пікір білдірді.
ЦИТАТА (ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті)
Бала құқықтарының сақталуын бұзатын осы сынды жағдайларға жол беруге болмайды. Бұл жағдай баланың қауіпсіздігі мен құқықтарының бұзылуының көрінісі болып табылады. Балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты барлық жандар үшін басымдық болуы тиіс. Бірінші кезекте авиакомпания рейске тіркелген балаларға қамқорлық жасауы керек еді.
Әуе компаниясының баланы әуежайда қалдырып кетуі үлкен олқылық деп отыр Қазақстан азаматтық авиация комитеті.
Себебі қандай техникалық ақау орын алмасын, жолаушының құқығы бұзылмауы керек дейді.
Дархан Қатышев, ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
- Алдын ала тіркелген, билет болған адамды міндетті түрде ұшаққа отырғызу керек. Енді өз тарапымнан қазір біз тексеріс жүргізейік деп жатырмыз. Тексеріске өзіміз және Қазақстан авиация әкімшілігі қызметкерлері де қатысады. Жан-жақты тексеріс өткізіледі. Сол тексеріс нәтижесі бойынша бүкіл шаралар қабылданады. Сонымен қатар әкімшілік жауапкершілікке тартамыз.
Азаматтық авиация комитеті өкілінің айтуынша, осы шілде айының өзінде «Флай Арыстан» әуе компаниясы 3 рет әуімшілік жауапқа тартылған. Алайда мына жағдай қатаң тергеу мен тексерісті талап етеді.
Мөлдір Молдағали