Қазақстан мен Түркия құны $2 млрд болатын келісімге қол қойды

Қазақстан мен Түркияның ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығы тұрақты дамып келеді.

Қос ел құны $2 млрд болатын келісімге қол қойды. Бұл жоба аясында қандай бастамалар қолға алынады?

Қазақстан мен Түркия аграрлық салада бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Анкарада Түркия Палаталар және биржалар одағында өткен жиында құны 2 млрд долларлық келісімге қол қойылды. Сондай-ақ тараптар жалпы құны 80 млн доллар болатын мал шаруашылығы өнімдерін Түркия нарығына жеткізуді көздеп отыр.

Айдарбек Сапаров, Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жалпы 2 млрд-қа жуық құжаттарға қол қойылды. Ол өте маңызды. Бұл екі жаққа да қажет. Сондықтан бұл жұмыс дұрыс атқарылады деп ойлаймын. Ал енді оны бақылуға ұстау үшін екі мемлекеттің жұмыс тобы бар. Сол жерде біз бақылауда ұстаймыз және министрмен келістік. Ол кісі де оны қолдап отыр. Одан басқа, біз жол картасына қол қойдық. Сол жол картасында қандай жобалар, қандай жұмыстар атқарылады және қай уақытта, кім жауапкершілік алады – бәрі жазылған.

Келісімге сәйкес елімізде көкөніс қоймаларын, ауыл шаруашылығына арналған сервистік кәсіпорындар құрылысы, агроөнімдерді қайта өңдеу зауыттарын салу қарастырылған. Сондай-ақ отандық ет өнімдерін Түркияға экспорттау жағы да бар. 

Жандос Тұрсынғалиев, кәсіпкер:

- Бүгінгі жиналыстан біздің күтеріміз – ол нақты экономикаға бірлескен үлес қосу. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі айтқандай, бірлескен қазақ-түрік кәсіпорындарын үшінші елдерге жұмыс істеу деген мәселе көтерілді. Осы бойынша біздің бүгінгі "Универсал" әсем компаниясы және түріктің "Сарайлым тарым" компаниясы бірлескен «Көктем» Агро холдинг деген үшінші елдерге экспорт, реэкспорт жұмыс істеуге арналған жобамызды бастап отырмыз. Бүгінгі тиісті келісімдерге қол қойып және Алматы облысының Алатау жаңа экономикалық алаңынан жер бөліну және жобалау жұмыстарына кірісіп жатырмыз.

Хусейин Акын, инвестор:

- Қазақстанда тамшылатып суару және жаңбырлатып суару жүйесін жасап шығаратын зауыт құрмақпыз. Тамшылатып суару – өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс. Бұл технология арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-4 есеге дейін артады. Әрі су екі-үш есе үнемделеді.

Біздің ел Түркияға жасымық, мақта талшығы, дәнді дақылдар, бұршақ, глютен және тағы басқа өнімдерді экспорттайды. Ал туыстас Түркия Қазақстанға жемістер мен жаңғақтар, кондитерлік өнімдер, сондай-ақ көшеттер мен инкубациялық жұмыртқаларды жеткізбек. Жалпы сала мамандары өнім номенклатурасы мен көлемін кеңейтіп, сауда шектеулерін жою қажет деп есептейді.

Авторы: Меруерт  Қанағат.