Қызылордада шыны зауытының жылдық өнім қуаттылығы 197 мың тоннаға жетті
Қызылордада шыны зауытының жылдық өнім қуаттылығы 197 мың тоннаға жетіп, энергия үнемдеуші әйнектер желісі іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Кәсіпорын тауары Орталық Азиямен қатар Грузия, Әзербайжан, тіпті Балтық жағалауы елдеріне экспортталып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын өндіріске 40 миллиард теңге шетелдік инвестиция салынған еді.
Аумағы 50 гектар болатын осы алып кешенде үш ауысым бойынша 400 адам жұмыс істейді. Оның жартысынан астамы жергілікті тұрғындар. 100 миллион доллар жұмсалған зауытқа әкімдік газ, су, электр желілері, автожол мен байланыс торабын тартып берді. Ал «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы жобаға құқықтық-салықтық қолдау көрсетті.
Мұрат Балабаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ облыс бойынша өкілдік директоры:
- Алып келетін құрылғылар баж салығынан босатылады. Сонымен қатар оларға салық жағынан жеңілдіктер бар. Мысалы КПН, жер, мүлік салықтарынан белгілі бір мерзімге босатылады. Өндірісті салу үшін мемлекеттік грант есебінен тегін жер беріледі. Мына «Orda Glass мекемесі» бүкіл жеңілдіктерді пайдаланып отыр.
Жалпы өңір шыны индустриясының шыңына ұмтылып жатыр. Ілеспе жобалардың алғашқы қарлығашы – энергия үнемдеуші әйнектердің екі түрін өндіру желісі іске қосылды.
Ғалымжан Қуатов, шыны зауытының өндірістік бөлімі бастығының орынбасары:
- Бұған дейін Қазақстанның ішік нарығына Ресейден алып келген бұл өнімді. Зауыт қосылғалы бері ішкі нарықты қамтамасыз етуге жұмыс жасап жатырмыз. Одан бөлек, Орта Азия, Ресей, Әзербайжан, Грузия мемлекеттеріне жіберуге ниеттеміз. Энергия үнемдеуші зауыттың жылдық қуаты 5 млн шаршы метрді құрайды. Инвестиция көлемі 6,7 млрд теңге. Бұл –Орта Азия бойынша теңдесі жоқ алғашқы зауыт.
Шыны кластерін қалыптастыру бағытында өндіріс ошағы жанынан айна, шөлмек, көлік әйнектері және шыны талшығын өндіру желілері құрылмақ.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев