Еліміздегі ШОБ нысандары 12 мыңға көбейді

Президент былтырғы Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше назар аударды, деп хабарлайды 24kz.

Кәсіпкерлер мен билік арасында сындарлы диалог орнау қажеттігін баса айтты. Бұл бағытта Үкімет тарапынан біршама жұмыс атқарылды. Нақты айтқанда, бизнеске қатысты әкімшілік жүктемені азайту, қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары механизмін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтырдан бері елдегі шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 12 232 нысанға немесе 0,16%-ке өскен. Қазір елде 2 млн 44 мың кәсіпкерлік субьектісі жұмыс істеп тұр. Олар шығарған өнім көлемі де артты. Былтыр I тоқсанда 13,7 трлн теңгенің өнімі өндірілсе, биыл 3 трлн-ға өсіп, 16,7 трлн теңгеге жетті.

Диас Әжіман, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің басқарма басшысы:

- Бұрынғы екі «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын біріктіре отырып, бірыңғай бағдарлама құрастырылды. Және ол бағдарлама аясында қазіргі таңда министрлік қаржылай қолдау шараларының ішінде кепілдендіру мен пайыздық ставканы субсидиялау бойынша координатор болып саналады біздің министрлік. Және осы бағытта пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың ставкасы кәдімгі кәсіпкерлер үшін жылына 8%, ал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін оның пайыздық ставкасы 7%.