Ақтаудағы МАЭК-тің қарызы 15 млрд теңгеден асады
Ақтауда МАЭК мекемесінің табиғи газбен жабдықтаушы компанияға берешегі 15 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды 24kz.
Таяуда Үкімет резервінен бөлінген 5 млрд теңге қарыздың бір бөлігін өтеуге жұмсалады. Кәсіпорын басшысы Кеңес Орақовтың айтуынша, энергокомбинат жылына 2 млрд текше метр газ тұтынады. Былтыр МАЭК-ті модернизациялау мақсатында Үкіметтен 4,9 млрд теңге бөлінді. Алайда тек 1 млрд 669 млн теңгесі игеріліп, қалғаны мемлекетке қайтарылған.
«Өйткені өндіріске қажетті турбина, қазандықтар, электр генераторлары шетелде жасалады. Тапсырыспен жасату, Ақтауға жеткізіп, құрастыру әрі іске қосуына кемі екі жыл уақыт керек. Сол себепті бізге мемлекеттен бөлінетін қаржыны игеру мерзімін ұзартуды сұрап, заң шығарушы органға жүгіндік», - деді Кеңес Орақов. Бүгін кәсіпорынға Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин барып, №3 энергоблокты жөндеу жұмыстарымен танысты.
Кеңес Орақов, МАЭК ЖШС бас директоры:
- Мынау жылдағы келе жатқан 5 млрд, ол «ҚазТранГазАймақ»-тың» қарызын жабамыз. Жөндеуге емес, қарызды жабуға беріліп жатыр. Қазір біздің шығарып жатқанымыз – сегізінші турбина. Үшінші энергоблокты оны өз ақшамызбен істейміз. Барлық жөндеуі аяқталады 1 қыркүйекке дейін. Төрт жылдай тұрақты жұмыс істеп тұрады сол турбина және энергоблок та.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Жылу, энергетика» заңын жасақтаған кезде әдейі МАЭК үшін норма енгіздік. Жергілікті бюджеттен осы қарыздарды жабу жөнінде норма қарастырылған. Себебі, бұл өте уникалды кәсіпорын. Су, тоқ, жылуды шығарып тұрған жалғыз мекеме республикадағы. Сол келіп жатқан қаржының көбі МАЭК-тің қарыздарын жабу үшін керек. Біліп отырсаңыз, ол қарыздарын жаппайынша МАЭК-тің әрі қарай жұмыс жасауы өте қиын болады.