Үржарлық омарташылар экспортты ұлғайтады
Абай облысында 300-ден астам омарта шаруашылығы бар, деп хабарлайды 24KZ.
Оның 130-ы Үржар ауданында. Бір ғана Алексеевка ауылының тұрғындары мыңнан астам омарта ұстап отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл сала әжептәуір дами бастады. Осы үржарлық омарташыларға биыл 51 млн теңгеге жуық субсидия беру жоспары бар.
Үржарлық Руслан Зиядин омарташылықты осыдан 3 жыл бұрын бастаған. Бал арасы шаруашылығын дамытуды мақсат еткен шаруа қазір 500-ден астам омартаны бақшасында ұстап отыр. Маусым сайын 20-25 тонна өнім алады.
Руслан Зиядин, омарташы:
- Тарбағатай қорығында орналасқаннан кейін бұлардың барлығы – алма ағаштары – «дикоростар». Тапсырыс берушілерге байланысты, қандай бал керек, соны келесі жылға дайындап айналысамыз. Омартадан алынған бал екінші қайта өңделіп, ыдыстарға құйылып, экспортқа дайындалады.
Ал Николай Жучокқа ара шаруашылығының қыр-сырын атасы үйреткен. Ата кәсіпті жалғастырған азаматта қазір мыңнан астам омарта бар. Адал еңбегімен шаруашылығын өрге дөңгелетіп отыр. Ерте көктемнен бастап, қоңыр күзге дейін омарталарды алып табиғат аясына кетеді.
Николай Жучок, омарташы:
- Атамнан маған 24 омарта қалғаны әлі күнге дейін есімде. Қазір ара ұясы мыңнан асады. Бірақ мен мұнда жалғыз жұмыс істемеймін. Әкем мен бауырым әрқашан қолдап, көмек көрсетеді. Алғашында бұл менің хоббиім еді, ал қазір – сүйікті жұмысым.
Экологиялық таза өнімге сұраныс көп. «Көтерме бағамен сатып алушылар жиі хабарласады. Бірақ біз асықпай сатуды жөн көреміз», – дейді омарташылар. Қазір кәсіпкерлер Қытаймен байланыс орнатып жатыр. Алдағы уақытта өнімді шетелге шығаруды көздеп отыр.
Ерзат Болатов, Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жыл сайын өндірілген өнімдері Астана, Алматы, Павлодар, Семей қалаларына экспортталады. Қазір енді аталған кәсіпкерлер рұқсат қағаздарын алып, Қытайға өнімдерін таза экологиялық балды шығаруға үлестерін қосып, өнімдерін дайындап жатыр.
Жалпы Абай облысында 300 омарта шаруашылығы бар. Биыл оларға облыстық бюджеттен 165 млн теңге субсидия беріледі.
Дарын Бақытбекұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Қазіргі уақытта бізде Үржар ауданы бойынша 51 млн теңгеге күту парақшасында өтінімдер тұр. Мәслихаттан қолдау болып, ақша толығымен бөлінген уақытында өз кезегімен өтінімдер де толығымен төленеді. Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан омарташыларға әртүрлі жәрмеңкелер өтеді. Осы арқылы біз омараташылардың дамуына үлес қосамыз.
Алексеевка ауылындағы кәсіпкерлер омарта шаруашылығын дамыту арқылы отандық туризмді насихаттауды мақсат еткен. Қазір жергілікті әкімдікпен бірлесіп жұмыс істейді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.