QazTech ШОБ болашағын талқылады
Астана-QazTech технологиялық компаниялар Альянсы «Отандық цифрлық платформалар ШОБ дамуы мен жұмыспен қамтудың өсуінің басты факторларының бірі ретінде» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Талқылауға жетекші экономистер, Сауда министрлігінің, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның ірі электрондық коммерция платформалары мен ШОБ өкілдері қатысты.
Қазақстан Электрондық коммерция саласындағы өз нәтижелерімен таңғалдырып отыр. Әрбір сегізінші сатып алу (12,5%) қазірдің өзінде онлайн түрде жүзеге асырылады, ал электрондық сауда көлемі әр екі жыл сайын екі есеге артып отыр. Сарапшылардың пікірінше, осы қарқында ары қарай дамыса, онда Қазақстан алдағы үш жыл ішінде орташа әлемдік деңгейге жетеді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар тұтынушылық қызметтерді цифрландыру Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер еткенін атап өтті. Тұтыну қызметтері соңғы үш жылда ЖІӨ өсімінің 43% қамтамасыз ете отырып, экономикалық өсімге қосқан үлесі бойынша көшбасшы болды, бұл 4,8 трлн теңгені құрайды.
Александр Дауранов, QazTech бас талдаушысы:
- Бұл сектор сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының негізгі көзіне айналып, үш жылда құрылған 350 мың жұмыс орнының 200 мыңын құрады. Сонымен қатар тұтынушылық қызметтердегі көлеңкелі экономиканың үлесі 2017 жылы 54%-дан 2023 жылы 22%-ға дейін қысқарып, елдегі көлеңкелі экономиканың жалпы 29%-дан 18%-ға дейін төмендеуіне ықпал етті.
Оның айтуынша, цифрлық платформалар Қазақстанның экономикалық өсуінде, әсіресе халық тығыздығының төмендігі мен қашықтықтардың үлкендігі жағдайында, маңызды рөл атқарады. Бұл платформалар көмектесе алады...
Отандық маркетплейс өкілі:
- Электрондық коммерция шағын және орта бизнеске (ШОБ) жаңа мүмкіндіктер ашады, табысты 30–50%-ға арттырып, шығындарды азайтып, жеткізу географиясын кеңейтеді. Бұл – қазақстандық бизнес үшін дәстүрлі шектеулерден өтіп, өз позицияларын ұлттық және халықаралық деңгейде нығайтуға арналған бірегей мүмкіндік.
Алайда айтылған жетістіктерге қарамастан, кәсіпкерлер алаңдаушылық білдірді. Ірі шетелдік сауда алаңдарының Қазақстан нарығында дамуы отандық ШОБ-ты теңсіз жағдайға қояды. Шетелдік платформалар көбінесе салық міндеттемелерінен және өнімнің сертификаттауынан айналып өтеді, бұл әділетсіз бәсекелестік тудырып, жергілікті компаниялардың өмір сүруіне қауіп төндіреді.
Ерлан Жайлаубай, Сауда желілері одағы төрағасының орынбасары:
- Біздің цифрлық экономика нарығы әлі толық қалыптаспаған және ірі халықаралық ойыншылар, әсіресе қытайлық компаниялар біздің бәсекеге қабілеттілігімізге айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Электрондық коммерцияның дамуы тек ірі ойыншыларға емес, сонымен қатар ШОБ-тың белсенді қатысуына да байланысты екенін ескеру маңызды.
Қазақстандық онлайн-сатушылардың бірі:
- Біз демпингпен айналысатын, салықтан жалтаратын және реттеушінің талаптарын сақтамайтын компаниялармен әділетсіз бәсекелестікке тап боламыз. Бұл біздің бәсекеге қабілеттілігімізге және тіпті бизнесіміздің өміршеңдігіне қауіп төндіреді.
Электроника сауда желісінің өкілі:
- Маркетплейстердегі контрафакт мәселесі тұтынушылардың сеніміне айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Заңнаманы шұғыл түрде қатаңдатып, барлық нарық қатысушылары үшін тең жағдайды қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай сертификаттау стандарттарын енгізу қажет.
Дөңгелек үстел барысында айтылған мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
Іс-шараның қорытындысы бойынша QazTech нарықтағы барлық қатысушылар үшін тең жағдай жасауға және отандық технологиялық компаниялардың мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар міндеттерді алға қойды. Олардың ішінде шетелдік маркетплейстердің қызметін реттеуді жақсарту және демпингке қарсы күрес, логистикалық инфрақұрылымды құру және дамыту, стандарттарды бірыңғайландыру және контрафактқа қарсы күрес, қаржылық технологияларды дамыту бар.
Кәсіпкерлер қазақстандық технологиялық ШОБ-ты қорғау және оның дамуына тең жағдай жасау тұрақты экономикалық өсім мен нарықтағы позицияларды нығайту үшін қажет екенін атап өтті.