Қазақстан экономикасын қандай өзгеріс күтіп тұр?

Атом электр станциясының құрылысына қатысты шешім 6 қазанда белгілі болады. Президент халыққа Жолдауында мемлекет үшін маңызды таңдауды жалпыұлттық референдум арқылы бұқараның өзі жасайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды 24kz.

Тағы бір жағымды жаңалық – Қатон Қарағай, Зайсан және Кендірліде шағын әуежай салынады. Бұл өңірдің туристік әлеуетін дамытуға сеп болмақ.

Жалпы биылғы Жолдауда негізінен экономикаға басымдық берілді. Президент қабылдануға тиіс заңдар мен серпілісті қажет ететін салаларды атады. Үкіметтің алдына қандай міндет қойылды? Қаржы саласын не күтіп тұр?

Бекзат Аманов баяндап береді.

- Жаңа саяси кезеңнің шымылдығы ашылды. Үкімет үйінде көптен бері болмаған бүгінгі қарбаластан осыны анық байқауға болады. Демалыстан шыққан депутаттар мен Үкімет мүшелеріне алдағы даму жолы таныстырылды. Ең бастысыбиылғы бағыт пен бағдар ұзақ мерзімді экономикалық серпіліске арналды.

Жаңғырған зал, жаңа Жолдау. Үкімет үйіндегі қызу талдау. Тіршілігі таңсәріден қайнаған ғимарат іші бүгін Жолдауалды толғанысқа толы болды. Журналистер қарасы әдеттегідей қалың, атқамінерлермен дәстүрлі дискуссиясына сақадай сай келіпті. Ал Үкімет мүшелері жаңғырған Мәжіліс бөлмесіне елеңдейді. Себебі, мұнда ауқымды серпіліс бастамалары күтіп тұр.

Төрдегі мінберге шыққан Президент, алдымен жетістіктерге тоқталды. Тиімді реформа мен табынды еңбекті жіпке тізген соң тоқмейілсіп қалуға болмайтынын ескертті. Себебі, жұмыс көп. Ең бірінші өзгерісті Үкімет пен әкімдер өздерінен бастау керек. Жолдаудағы басты месседж – халықтың тұрмысын түзеу, орта тапты күшейту һәм теңсіздікті жою болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз.

Тәуелсіз мемлекет қана әлемдік аренада ықпалды әрі байсалды бола алады. Бұл үшін саяси тұрғыда ғана емес, экономикасы да егемен болу шарт. Ал маңызды бағыттың бірі энергетика екені баршаға хақ. Тиімді шешімнің бірі – АЭС салу. Бірақ қоғам пікірі қақ жарылып отыр. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені бұқараның таңдауына қалдырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.

Біз қазір энергияны шекара сыртындағы серіктестерден сатып аламыз. АЭС бізге сенімді әрі таза қуат көзін алуға мүмкіндік береді. Қазір 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Алишер Сатыбалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздігіміз. АЭС мәселесі 6 қазан күні таңдау жасаймыз. Энергетикалық қауіпсіздігіміз күнделікті бірінші орында тұрған мәселе. Ол тек қана біздің емес, Орта Азия елдеріндегі көршілерімізден де көріп отырмыз. Олар да сол бағытқа көшіп отыр.

 

Экономиканы қандай өзгеріс күтіп тұр?

Саладағы инфрақұрылым да солғын тартып тұр. Мемлекет басшысы энергия өндірушілерге берілген несие шарттары қолайсыз деді. Тиісінше, Үкімет ұзақ мерзімге қолжетімді несие беру жолдарын ойластыруға тиіс. Тариф саясаты да өзгереді. Жыл соңына дейін ұлттық жоба бекітілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуге тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет.

Ел экономикасының негізгі тірегі – мұнай-газ. Президент шикізатты өндіріп ғана қоймай, оны өңдеуді де маңызды міндет деп атады. Үкімет Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын жеделту керек. Оған қоса газдандыруға халықты байыппен көшіру ұсынылды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы саланы табысты дамыту үшін инвестицияның қайтарымын қамтамасыз ететін пәрменді ынталандыру шараларын қысқа мерзімде қабылдау, соның ішінде ақылға сыйымды тарифтер мен көтерме бағаларды белгілеу керек. Газ кеніштеріне геологиялық барлау жасау үшін жаңа инвестиция тарту тұрғысынан алғанда бұл шаралар өте маңызды. Әйтпесе, экономиканы қажетті көлемде газбен қамтамасыз ету мүмкін емес.

Ашығын айту керек, жердің асты да, үстіде байлыққа толы. Бірақ өнеркәсіп әлеуетін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. Қазір Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады. Терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілді. Бұған қоса, Президент аймақтарда жаңа өндіріс орындарын ашуды тапсырды. Экономиканы өрге сүйрейтін бағыттың бірі – көлік логистика. Батыс пен шығысты жалғап тұрғанымызды ескерсек, оның маңызы еселене түседі. Сол үшін Президент транзит саласына терең үңілуді тапсырды. Ол үшін бірқатар кешенді мәселені шешу керек. Соның бірі – темір жол саласындағы реформа.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралуы керек. Бұл – айдан анық нәрсе. Жаңа тарифтер теміржол желісін қалыпты жағдайда сақтауға және оның тасымал қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. «Қазақстан темір жолы» компаниясы үш ірі инфрақұрылымдық жобаны қолға алды, яғни теміржол салып жатыр. Оның жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады.

Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Президент бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Жер ғана емес әуе хабтарын дамыту да қолға алынады. Әуе кеңістігі жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалдайды. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек. Ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды. Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет.

Алайда туризм деп табиғатқа нұқсан келтіруге болмайды. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев анық айтты. Салаға серпіліс беру керек, бірақ тамылжыған тұмса табиғат қаз қалпында сақталуы керек.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Кәсіпкерлерден түсетін шағым әлі көп. Мұны Президент айтты. Кедергі болғанша, керісінше, қолдау жұмысын жетілдіруді тапсырды. Бірақ бизнес иелері де өздеріне артылған міндетті ұмытпауы тиіс. Сондай-ақ инвесторларды тарту ісіне қарқын қосылады. Кей әкім бұл бағытта бей-жай. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны біледі және бұл мәселені назарында ұстайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс.

Ауылдағы ағайынның жай-күйі де назардан тыс қалмады. Саланы қаржылай қолдау ісіне өзгеріс керек сыңайлы. Комиссия кей шаруаның қулыққа басып жүргенін анықтаған. Мемлекеттен қыруар қаржы бөлінетін 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ болып шықты. Егін шаруашылығы да таза емес. Президент мұны – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық деп атады. Жерді тиімді бөлу мәселесі де майшеммен қарауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ.

 

Қ.Тоқаев: Банктер туралы жаңа заң қажет

Қаржы саласын да ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Себебі ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімділік жоқ. Қысқасы, Президент салықты әділ төлеу керек деді. Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін табысты деп есептейді. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Одан бөлек, Президент банк туралы жаңа заң шығару қажет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды.

 

Бюджетке бақылау күшейеді

Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқанын айтты. Бұл ел дамуын тежейді. Сол үшін шығынды азайтып, бақылауды күшейту жүктелді. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек. Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет.

 

Жаңа салық кодексінің мерзімін шегеру ұсынылды

Алдағы уақытта жаңа салық кодексі қабылданады. Бұл құжат қазіргі жүейінің кем кетігін жамау керек. Ең алыдмен қарапайым адамдарға түсінікті болғаны жөн. Саланы түгел цифрландырып, ашықтық салтанат құрса ғана нәтиже болады. Президент бұл істі жеделдетуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды.

Үкімет пен Парламент жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау керек. Қойылған міндет қиын, бірақ дұрыс шешім қабылдау маңызды. Сол үшін мерзімді келесі жылға шегеру ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек.

 

Жолдау жүктеген міндеттер

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – экономикадағы ауқымды бастамаларда болды. Президент машақаты көп салалардың мәселесін жіпке тізіп ғана қоймай, шешу жолдарын ұсынды. Пәрмен берілді, бағыт-бағдар айқындалды. Енді Үкімет пен Парламент мойнында осы істі жүйелі жүргізу міндеті тұр. Әрине, бұған қалың қараша да үлес қосу керек. Әйтпесе, межені бағындыру мүмкін емес.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы