Атырау энергетиктері: АЭС құрылысы – кезек күттірмейтін іс

Себебі мұнай-газ өнеркәсібінің 65%-і шоғырланған Атырау өңірінде электр қуатына деген сұраныс жыл санап өсіп келеді, деп хабарлайды 24KZ.

Қуат көзін тарататын «Атырау-Жарық» компаниясының балансында 9400 шақырымнан астам жоғарғы және орта кернеулі электр желісі бар. Қысқы маусымға дайындық барысында 1700 шақырым желі жөнделді. Дегенмен қазіргі қуат көзіне деген сұраныс жаңа баламалы электр энергиясын талап етеді.

Атырау қаласына қарасты Талғайраң ауылында биыл 5 көшенің электр желісі жөнделеді. Электриктер бригадасы күніне 12 тірек бағанды ауыстырып, жаңа қосылған нысандарға электр желісін жалғап жатыр. Жалпы биыл облыста  түрлу кернеудегі 1700 шақырым электр желісі жаңғыртылуы тиіс. Себебі мұнайлы өңірде электр энергиясына деген сұраныс жыл санап артып келеді.

Қуат Сисенғалиев, жарықпен қамту кәсіпорны президентінің бірінші орынбасары:

- Шілде айын алсақ, 240 млн киловатт/сағаттың үстінде тұтыну болды. Оны қазіргі жүктемемен алсақ, мысалға, Атырау-Жарықтың шамамен 320 мегаватт қуатқа тең.

Атырау облысындағы «Теңіз», «Қашаған», «Қазақстанның тұңғыш газ химиясы» кешені секілді ірі жобалар өздеріне қажетті электр энергиясын  табиғи газден өндіреді. «Бірақ тұрақты қуат көзін қарастыру – бүгіні күннің басты талабы», – дейді сала мамандары.

Мұқамбетқали Қалиев, облыстық энергетиктер кеңесінің төрағасы:

- Бізде жылма-жыл өндіріс дамып жатыр, көлік, жылма-жыл 3-5%-ке дейін өсіп отырады. Ол өсімді қамтамасыз ету үшін жаңағыдай базалық деңгейдегі электр энергия көзі керек. Ол атом энергиясының көзі арқылы мүмкін. Сонда органикалық отын жағуды азайтамыз, екіншіден, сенімді қуат көзі болады.

Атырау жылу қуат орталығы жылына 1,5 млрд киловатт электр энергиясын өндіреді. Алайда ол жеткіліксіз, сондақтан Құрманғазы ауданына қарасты «Азғыр» өңірі Индер ауданының шет ауылдары ресейлік қуат көздеріне тәуелді. Егер АЭС секілді бірегей, тұрақты ток көзін өндіретін жоба қолға алынса, экономикаға үлкен серпіліс берері даусыз.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов.