Мүлкін сақтандыратындардың үлесі артты
Елде тұрғын үйлерді төтенше жағдайдан сақтандыру міндеттелуі мүмкін.
Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиев мәлімдеді.
Мұндай бастама азаматтарды қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілген. Құжат мәжіліс қарауында.
Қазір азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтандыруға ден қоятыны байқалады. Сақтандыру компаниялары 7 айда 112,5 млрд теңге тапқан. Бас-аяғы 14 млн келісімшарт жасалыпты.
Мүлкін сақтандыратындардың үлесі артты
7 айда жалпы сақтандыру сегментінде жиналған сыйақы көлемі бойынша мүлікті сақтандыру алдыңғы қатарға шықты. Ұлттық Банк дерегінше, 162,2 млрд теңгені құраған. Тізімді көлік иелеріне арналған міндетті сақтандыру жалғайды. Ол шамамен – 65,3 млрд теңге. Өз өміріне жауапкершілікпен қарайтындардың да қатары артып келеді. 7 айда ерікті өмірді сақтандыру бағдарламалары бойынша сыйақы көлемі 136,5 млрд теңгеге жетті. Бұл өмірді сақтандыру нарығындағы жалпы сыйақының 40 пайыздайы. Ескеріңіз, бұған жазатайым оқиғалардан сақтандыру кірмейді.
Қазір елімізде 24 сақтандыру ұйымы бар, оның 9-ы – өмір мен денсаулықты сақтандыру бойынша қызмет көрсетеді. Отандық компаниялар сыйақыны 5-тен 30 пайызға дейін өсірген. Бұл бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Дұрыс компанияны танымал рейтингтер нәтижесіне сүйеніп таңдай аласыз
Мира Оспанова, қаржылық кеңесші:
- Қазіргі нарықта сақтандыру компаниялары 9. Соның ішінде ең таңдайтынымыз, сол компанияның нарықта қанша жыл істегеніне байланысты. Мысалы әлем бойынша 300 жыл болды. Біздің мемлекетке енді-енді келіп жатыр. Олар көлігі сақтандырылмаса жолға шықпайды.
Зейнетақы аннуитетін пайдаланатындар көбейді
Алғашқы жарты жылдықта зейнетақы аннуитеті нарығы 3 есе өсті. Бүгінде жалпы сақтандыру көрсеткішінің 40 пайызға жуығы осы қызметке тиесілі. Бұл шамамен 193 млрд теңге. Қазір аталған мүмкіндікті 35 мың азамат пайдаланып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі жылы 45 мыңға жететінін жеткізді. Себебі сұраныс бар. Зейнетақы аннуитеті – бұл өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялар ұсынып отырған «зейнетақыны» мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін өнім. Басты талап – қызмет алушы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшысы болуы шарт.
Руслан Құрманғалиев, сақтандыру компаниясының өкілі:
- Зейнетақы аннуитеті бар. Ол әлеуметтік кодекске байланысты ауыр жұмыс істейтін кеншілерге арнайы жеңілдік қарастырылған. Зейнетақы қорының салымдарын біздің аннуитеттік компания бағдарламаларына ауыстырады. Сол жерден жарналарын алып отырады. Өмірбақи. 50 жасқа келген кенші ай сайын 40-50 мыңнан ала береді.
Еңбекақысы жоғары азаматтар МӘМС қорына көбірек жарна төлеуі мүмкін
Жалақысы жоғары азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына көбірек жарна төлеуі мүмкін. Тиісті заңға осындай өзгеріс енгізу ұсынылды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов айтты. Оның сөзінше, қазір азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға табысының 2%-нан жарна аударады. Алайда мұндай талап айлығы 850 мың теңгеден асатын тұрғындарға жүрмейді. Себебі, жалақысы бұл сомадан артылғандардан жарна алынбайды. Мәселен, елімізде еңбек өтілі жоғары, жалақысы 1,2 млн теңгеден асатындар бар екен. Алайда олар медициналық сақтандыру жарнасына осы 1,2 млн теңгенің 2 пайызын емес, 850 мың теңгенің 2 пайызын төлейді.