Елдегі ірі ұялы оператор мен банк Қатар инвесторларына сатылады

Елдегі ірі ұялы операторлардың бірі қатарлық компанияның иелігіне өтуі мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.

Шетелдік инвестор салаға қаржы құйып, біздегі телекоммуникация инфрақұрылымын кеңейтуді көздеп отыр. Сондай-ақ қаржы құрылымындағы банктердің бірі де сатылымға шығарылады. Аталмыш жобалар Қазақстан мен Қатар арасындағы уағдаластықтарды іске асыру аясында жүзеге асады. Тиісті заң жобасы Мәжіліс депутаттарының назарына ұсынылды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Парламент қабырғасында бірқатар заң жобалары әзірленіп жатыр. Соның бірі – жер қойнауын пайдалану саласын реттейтін кодексті жетілдіруге бағытталған жұмыстар.

Кейінгі 5 жылда ғана тау-кен өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар 8 трлн теңгеден астам девидент алған. Сондықтан депутаттар бұл салаға арнайы салық түрін енгізу керек деп санайды. Еңбек адамдарының да қауіпсіздігі басты назарда болмақ.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстан еңбеккерлерінің, біріншіден, еңбек жағдайы, өндірістік қауіпсіздік мәселесін сол заңның аясында жан-жақты қарастырып жатырмыз. Қазіргі біздің мақсатымыз – заңды өзіміздің халқымызға бұру. Былайша айтқан кезде, еңбек дәл капитал тәрізді қорғалуы қажет.

Депутаттар назарына Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасында жүзеге асатын жобалар ұсынылды. Бүгінде Қатарлық инвестор еліміздегі ұялы операторлардың бірі «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын сатып алуға дайын. Жобаны іске асыру қаржы жүйесіне жаңа капитал тартады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Отандық оператор қазіргі кезде өз міндеттемелеріне сәйкес негізінен ауылдық елді мекендерді ұялы байланыспен қамтып отыр. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі осы оператордың қызметін қолданады. Жаңа инвестор келсе, мемлекет ол компанияның тарифтік саясатына араласа алмайды. Бұл, әрине, ауыл тұрғындарының қалтасын қағуы мүмкін.

Еліміздегі «Бәйтерек» холдингі де қатарлық инвесторға өзінің еншілес ұйымы – Bereke Bank активтерін сатуды жоспарлап отыр. «Қаржылық ұйым мемлекет қолдауының арқасында қиындықтарды еңсерді, енді оны инвесторларға ұсынуға мүмкіндік бар», – дейді Ұлттық экономика министрі.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Рейтингі қалыпқа келді, транзакцияларды жандандыруға мүмкіндік алды. Соның есебінен банк 1,4 трлн активтерін жандандырды. Бұл банкті қалыпқа келтірдік. Операциялық қызметі қалыпқа келді. Сондықтан оны инвесторларға ұсынуға мүмкіндік пайда болды.

Қазақстан мен Қатар үкіметтерінің келісімдері аясында 9 бірлескен инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Ол еліміздегі телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларын қамтиды.

Авторлары: Қуандық Танабас, Арман Ақшабаев.