Үкімет басшысы Шымкенттің өндірістік кәсіпорындарын аралады

Биыл Шымкентте өнеркәсіп саласында 16 инвестициялық жоба жүзеге асады, деп хабарлайды 24kz.

Нәтижесінде шаһарда мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Ал мұнай өңдеу зауытында алдағы 6 жылда өнім көлемі екі есе арта түспек. Бұл туралы Премьер министрдің шаһарға жұмыс сапары кезінде айтылды. Олжас Бектенов Президент Жолдауын іске асыру барысымен танысып, жергілікті мамандардың атом электр станциясын салуға деген көзқарасын біліп қайтты. Айтуынша, 6 қазандағы референдумда оң шешім қабылданған жағдайда елдің энергетикалық секторы тұрақты энергиямен қамтамасыз етіліп, өндірісті әртараптандыруға ықпал етеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Мұнай өңдеу зауытында жылына 6 миллион тонна сапалы сұйық отын өндіріледі. Кәсіпорынға ішкі нарықтың сұранысын толық қамту үшін өндірістік қуаттылықты екі есе арттыру міндеті жүктелген. Биыл бұл жобаны іске асыру жұмысы басталып, алдағы 6 жылда аяқтау жоспарланып отыр. Өндірісті кеңейту үшін тұрақты энергия көзі қажет. Сондықтан мамандар Мемлекет басшысының атом энергетикасын дамыту жөніндегі бастамасын құптайтынын айтады.

Нұрбол Нұрманов, зауыттың бас технологы:

- Келешекте, әрине, зауыт қуаты 2 есе артқандықтан, өндіріс көлемі көбейгендіктен, әрине, электр қуаты бізге көп көлемде қажет болады. Сондықтан атом электр станциясының көз қуаты бірден-бір бізге қажет деп ойлаймыз.

Үкімет басшысының жұмыс сапары «Оңтүстік» индустриалды аймағында жалғасты. Олжас Бектенов алюминий қалбырлар мен қақпақтар шығаратын кәсіпорында болды. 360 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған зауыт өнімі ішкі нарықта сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Аймақтың инвестициялық климатын бұдан әрі дамыту үшін Үкімет резервінен қолдау болады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жалпы мына индустриалды аймақтар жақсы тәжірибе. Әсіресе, мына Шымкентте жақсы жүріп жатыр. Сондықтан қолдау болады. Республикадан береміз қаражатты. Оның бәрі қайтады ғой. Салық төлейді, жаңа жұмыс орындары ашылады. Кәсіпорындар пайда болады. Технология-транспорт дейміз. Оның бәрін қосқанда әсері өте жақсы.

Шымкентте орналасқан 7 өндірістік аймақта 293 жоба іске асырылған. Жалпы 7 айдың қорытындысы бойынша 621 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Биыл жоспар бойынша тағы 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сала мамандары Үкімет басшысына өнеркәсіп өндірісін кеңейтіп, инфрақұрылыммен қамтуға тұрақты әрі үздіксіз энергияға қажеттілік туындап отырғанын айтты.

Біржан Әзімбердиев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Бізде өңдеу өнеркәсібінде 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде қазір 4 жоба іске асырылды. Жобалар қосылатын болса, 1200-ге жуық жаңа жұмыс орнын құратын боламыз. Бұл жыл соңына дейінгі жоспарымыз. 80 млрд-қа жуық инвестиция тартылып отыр.

Премьер-министр жұмыс сапарында Үкімет қаулысымен бекітілген бас жоспардың іске асырылуымен танысты. Биыл бұл бағытта 66 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Қаланың солтүстік бөлігінде құрылып жатқан Ақжайық шағын ауданында 26 көпқабатты жыл соңына дейін үй кезегінде тұрған отбасыларға үлестірілетін болады.

Қуаныш Асылов, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- «Ақжайық» шағынауданында тұрмыз. Осында 35 үй құрылысы жоспарланған. Бас жоспарға сәйкес 2035 жылға дейін 25 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.

Биыл барлығы 1 миллион 400 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға береледі. Бас жоспарға сәйкес жаңа шағын аудандарда жайлы мектептер, емханалар мен заманауи спорт кешендері қоса салынуға тиіс. Сонымен қатар жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін оқушылар сарайының да құрылысы жоспарланған. Үкімет басшысы сапар соңында жергілікті билік өкілдеріне аймақ экономикасын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жұмыстарды сапалы жүзеге асыру қажеттігін тапсырды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов