Үкімет мамандарды даярлау бағдарламасына өзгеріс енгізіп жатыр
Президент биылғы жолдауында келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі.
Осы орайда жұмысшы мамандықтарға ерекше көңіл бөлінетіні анық.
Оларды даярлау, жұмыспен қамту, тіпті өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне де айрықша назар аударылады деген ойдамын.
Жұмысшы мамандықтар даярлау бойынша бірнеше бағытта жұмыс жүргізіледі.
Мамандар сұранысқа қарай даярланады
Қазір Үкімет мамандарды даярлау бағдарламасына өзгеріс енгізіп жатыр. Яғни бүгінгі нарыққа қажет мамандықтарды оқытуға баса көңіл бөлінеді. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты бірнеше бағытта жүргізбек. Алдымен колледждерді бейіндеу іс-шаралары қолға алынады. Әр аймақтың экономикалық ерекшелігіне қарай маман даярлауға назар аударылады. Бұл үшін өңірлер экономикасының құрылымына талдау жүргізілді. Соған сәйкес 4 макроөңір анықталып, қажет мамандықтар айқындалды.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Мәселен, еліміздегі жұмыс күшінің үштен бірінен астамы шоғырланған Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өндірістерді локализациялау және инфрақұрылымды дамыту жүріп жатыр. Орталық және шығыс облыстарда кадрлардың саларалық және өңіраралық ауысуын қамтамасыз ету үшін одан әрі индустрияландыру жоспарлануда. Солтүстік өңірлерде аграрлық сектор қарқынды жүзеге асырылып жатса, батыста ірі компаниялардың айналасында жаңа өндірістер құрылуда. Осы бағыттарды ескере отырып, өңірлердің фокусын техникалық және кәсіптік білімге бағыттау үшін колледждерді бейіндеу жұмыстары басталды.
Биыл грант саны 12 мыңға көбейді
Бүгінде 195 колледж сұранысқа сай қайта бейінделді. 624 мамандық бойынша лицензияның күші жойылды. Бейінделген оқу орындарының басым бөлігі Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Астана қаласында орналасқан.
Жалпы, қазір елде 772 колледж бар. Бұл жерлерде жарты миллионнан астам студент оқып жатыр. Әрине, сапалы маман даярлау үшін теория мен тәжірибені ұштастыру қажет. Осы орайда 91 мың адам дуальді біліммен қамтылып отыр. Оларға бөлінетін грант саны да жыл санап артып келеді. Мәселен, биыл 12 мыңға көбейді. Сөйтіп мемлекеттік грант саны 145 мыңға жетті. Қазір кәсіптік-техникалық мамандықтарға құжат тапсырған студенттердің 90 пайызы тегін оқып жатыр.
Колледждер сенімгерлік басқаруға беріледі
Алайда келешекте оқу орындарының тек бюджетке алақан жайып отыра беруіне тағы болмайды. Колледждерді сенімгерлік басқаруға беру мәселесі қаралмақ. Осылайша мемлекет қаржыландыру көзін әртараптандыруды көздеп отыр.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Сенімгерлік басқаруға берудің тиімді механизмінің бірі ретінде Қостанай облысындағы «ALLUR» компаниясының өңірдегі автокөлік колледжіне шефтік қамқорлық аясындағы нұсқасын қарастыруға болады. Бұл механизмнің ерекшеліктері: материалдық техникалық базаны нығайту, инновациялық өндірістік технологиялармен қамтылған практика базаларына тұрақты қол жеткізу, білім беру процесін жақсарту, түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейтіледі және ең бастысы мемлекет меншігі болып қала береді.
Яғни бизнес білім ұйымына қаржы салуға міндеттеледі. Ал грант саны кәсіпорындар өтінімі бойынша беріледі. Бастапқыда мемлекет 80 мың грант бөлуді жоспарлап отыр.
Валюта бағамы
Енді валюта бағамына тоқтала кетсем. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллардың бүгінгі құны – 479 теңге 38 тиын. Еуро 531 теңге 63 тиынға бағаланды. Ресей рублі 5 теңге 27 тиын сомасында тұрақтады. Ал Қытай юанінің құны – 67 теңге 58 тиын.