Жамбыл облысында қант қызылшасынан рекордтық өнім жиналмақ
Биыл Жамбыл облысының диқандары қант қызылшасын рекордтық көлемде жинап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Жылда гектарына 350 центнерден дақыл жинайтын шаруалардың алды қазір 900 центнерге дейін өнім алып жатыр. Алайда жиналған өнімді өңірдегі қант зауыты толықтай өңдей алмайды. Себебі қуаттылығы аз. Мәселе қалай шешілмек?
Биыл ауа райы қызылша еккен жамбылдық шаруалар үшін қолайлы болды. Су мол, тәтті түбір де бітік шықты. Алайда алқап басындағы диқандар өнімін өткізе алмай қаламыз ба деп алаңдаулы. Себебі биыл аймақта қант қызылшасы 11 200 гектарга егілген. Түсімі 600 мың тоннадан аспақ. Ал облыстағы қызылша қабылдайтын жалғыз Меркі қант зауытының қуаттылығы 450 мың тоннадан аспайды.
Ерболат Саурықов, шаруа:
- Біздің қазір ауданға 400 тонна лимит берді. Ауданда 1500 га егілген. «Оны 400 тонналап күніне зауыт қабылдаймыз», – дейді. Қаңтар айына дейін кетіп қалайын деп тұр. Ал өткізу зауытқа сыймайды деген мәселе көктемде көтерілген еді.
Өнімнің көп болуына байланысты облыстағы қант зауыты жұмысын бір ай ерте бастады. Кәсіпорын басшысы: «Биыл бар қуаттылықта тәулік бойы жұмыс істейміз», – деп отыр. Ол үшін мемлекеттен 10 миллиард теңгеге жуық жеңілдетілген несие алып, қондырғыларын жаңартқан.
Нұржан Қарғабаев, қант зауытының бас директоры:
- Биыл кішкене ертерек зауыт ашылып жатыр. Мына қызылша көбейіп. Тәулігіне қуаттылығы – 2 мың тонна, былтырғы көлем сол болды. Енді мына автоматтылық қосылып, кішкене көбейтейік деп жатырмыз.
Жауапты басқарма мамандары өнімнің рекордтық деңгейде шыққанын растап отыр. Мұны алдын ала біліп, Талдықорған қаласындағы Ақсу қант зауытымен келісімге отырған. Артылатын 150 мың тонна тәтті түбірді сонда өңдемек. Ол үшін тасымалдаушы компаниямен де келісімге келген. Басқарма Ақсу қант зауытына өткізілетін өнімнің әр келісі үшін шаруаларға 45 теңге төлейді. Өнімін Меркі қант зауытына өткізетіндер үшін де мемлекеттен қолдау бар.
Әбдірасыл Желеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Әр өткізілген әр келіге 25 теңгеден мемлекет тарапынан төлеп береміз. Зауыт қабылдаған әр келі қант қызылшасын өніміне 15 теңге төлейді. Одан бөлек, 100 шақырымнан асқан шаруаларға 3 теңге әр келіге тасымалдау шығынын өтейді.
Қант қызылшасы 2 зауыттан артылып қалған жағдайда көршілес Қырғызстандағы қайта өңдеу зауытттарына тасымалданады. «Осы жұмыстардың арқасында фермерлер дақылы далада қалмайды», – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаев.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.