Ақмола облысында медициналық бағыттағы фабрика салынады

Ақмола облысы Қызылжар елді мекенінде медициналық қалдықтарды залалсыздандыратын және ем-домға қажетті бұйымдар шығаратын фабрика салынады.

Өндіріс ошағын ашу жобасын осы ауылдың тумасы жүзеге асырмақ. Түлеп ұшқан туған өлкесіне қайта ту тіккен кәсіпкер қазірдің өзінде жерлестеріне арнап заманауи зертханасы бар клиника салып қойған. Одан бөлек ауыл азаматының бастамасымен бірнеше әлеуметтік нысан қызылжарлықтарға тегін қызмет етіп тұр.

Шамамен бір ғасыр бұрын кеңшар бөлімшесі болып құрылған алақандай ауылда 70-тей ғана үй болған. Астанадан 21 шақырым жерде орналасқан Қызылжардың аумағы қазір 10 есе үлкейді. Нұра өзенінің маңына қоныстанған тұрғындардың тұрмысы жайлы, қазаны майлы болуына ауыл азаматы Ерлан Сүлейменовтың қосқан үлесі зор. Кәсіпкер ауылға әлеуметтік дүкен, спорт және қоғамдық тамақтану нысандарын салып берді. Осында 76 жылдан бері тұратын Салауат Сағынтайұлы елді мекеннің көз алдында еңсе тіктеп келе жатқанын айтады. 50 жылдай сауыншыларды жүк көлігімен тасыған ақсақал әсіресе жолдардың түзелгеніне қуанышты.  

Салауат Сағынтайұлы, Қызылжар ауылының тұрғыны:

- Мұндай жол бұрын болған жоқ. Шофер болып жүргенімізде орталық жолға шыққанша қолымыздан күрек түспейтін. Қазір жол таза, автобус жүреді. Мектеп жаңа. Біз оқығанда ағаш мектепте оқыдық 4-ақ жылдық, шырағым. Көркейіп жатыр, ауыл өсті.

Сержан Нәсіпұлы, Қызылжар ауылының тұрғыны:

- Қыстыгүні қарды күреп отырады. Орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосты. Қазіргі жастарға көп жұмыстар ашылып, оларға жақсы жағдай жасалып жатыр. Қалаға, далаға жұмыс іздеп шапқылап жүрмейді. Соны жасаған жігіттерге мың да бір рақмет.

Астана мен Алматының ательелерінде жұмыс істеген Сымбат Сыпабекова Қызылжарда тігін цехы ашылды дегенді естісімен ауылға тартқан. 9 айдан бері 10 ісмер медициналық ұйымдарға қызметтік киім тігумен айналысады.

Сымбат Сыпабекова, тігінші:

- Біз айына 500 халаттай тігіп отырамыз. Соның сапасын қадағалап, халаттардың бүкіл дизайнын өзіміз жасаймыз. Барлығын қадағалап сұлбасына тура келетіндей жасауға тырысамыз.

Ауыл бойынша 200-дей адамның жұмыспен қамтылуына сеп болған Ерлан Сүлейменов жергілікті мектепке ұдайы көмек қолын созып тұрады. 400-ге жуық бала оқитын білім ошағының жаратылыстану бағытындағы сыныптарын заманауи оқу құралдарымен жабдықтаған кәсіпкер спорт және ойын алаңдарын да салып берді. Одан бөлек іргелес жатқан Қабанбай батыр ауылындағы мектеп оқушыларын да қуантып отырады.  

Меруерт Асанова, мектеп директорының орынбасары:

- Талай жылдан бері көбінесе тез сынып қалатын аппаратура келетін. Оқушылармен мерекелік шара өткізген кезде дұрыс кәсіби аппаратура болмағаннан қиналатынбыз. Біраз іздедік, әр түрлі демеушілерге хат жаздық. Содан ең бірінші осы кісі өзі бастап, алып беремін деп 1 млн 200 мың тг осындай барлық жағдайымен, бірнеше микрофонымен біздің армандаған аппаратурамыз келді. Қазір әр іс-шарамызды керемет өткізудеміз.

Тапқан табысын туған өлкесін түлетуге жұмсаған кәсіпкер ауыл балаларының шығармашылығын дамытатын өнер орталығын ашып берді. Мұнда дарынды өрендер домбыра тарту, сурет салу, ән-би, шахмат үйірмелеріне тегін қатысып жүр. Оған қоса жуырда спорт кешені пайдалануға берілмек.  

Ерлан Сүлейменов, кәсіпкер:

- Ауыл балаларынан көп үміт күтеміз. Осы өрендер арасынан чемпиондар мен өнер майталмандары шықса, мен үшін еңбектің қайтымы сол. Жалпы жаңарған, жасарған Қызылжарда қазір шамамен 5 мыңдай тұрғын бар. Жұмыс іздеп жан-жаққа кеткен ауылдастарымның қайта оралып жатқаны көңіл қуантады. Алдағы жоспарым кәріз жүйесін жүргізу және ауылды газдандыру. Одан бөлек балабақша мен наубайхана салу жобасын әзірлеп жатырмыз. Туған ауылымның түтіні түзу ұшу үшін тынбай еңбек ете беремін.

Қызылжарлық кәсіпкер жас мамандарды баспанамен қамту үшін қазір көппәтерлі тұрғын үй салдырып жатыр. Сондай-ақ ауыл моншасын да ел игілігіне табыстар күн алыс емес. Ал келер жылдары медициналық қалдықтарды залалсыздандыратын және ем-домға қажетті бұйымдар шығаратын фабрика салынады. Ауылын көріп азаматын таны деген тәмсілдің өміршеңдігі осы.   

Қамбар Бекенов, Нұрғали Мамурбаев