Өзбекстан кәсіпкерлері қазақ бидайын сатып алуға дайын
Биыл Орталық Азияда Қазақстанның астығына әдеттегідей сұраныс жоғары, деп хабарлайды 24KZ.
Әсіресе Өзбекстан ірі тұтынушы ретінде қала бермек. Орақ науқаны әлі аяқталмаса да, іргедегі ел кәсіпкерлері қазақ бидайын тонналап алуға дайын отыр.
Осы тұста біздің өндірушілерді қинайтын бір жайт бар. Ол – астықты дер кезінде құрғату қуаттылығының аздығы. Осының салдарынан әлемдік нарықта отандық бидай құны құлдырауы мүмкін.
Осы күні еліміздің астық алқаптарында егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қамба ризыққа толатын сәт жақын. Ал халықаралық нарықта бағаны бағамдау ісі басталып кеткен.
Алишер Махмудов, астық тасымалдау компаниясының басшысы:
- Қазақстаннан астық және май өнімдерін сатып алатын кәсіпкерлерді шақырдық. Бұл іс-шара 4-ші рет өтіп отыр. Биыл Қазақстаннан 100-ге жуық ірі өндіруші келді. Өзбекстан – бұл салада қалыптасқан нарық. Бізде бидай импорттаушылардың үлесі басым.
Жалпы елімізде 300, ал Өзбекстанда 500-дей диірмен бар. Бидайды өңдеп, ұн шығаратын кәсіпорындар бұл елде көбейе түскен. Сондықтан астық импортының ұлғаюы заңдылық.
Нұрлан Тәжібаев, кәсіпкер:
- Қазір Қазақстан 180 доллардан ұсынып жатыр. 4 класс. 3 класс – 220 доллар. Бізге 4 класс керек. Қазақстанда баға тұрақталғанын күтіп тұрмыз. 10 күннен кейін бастаймыз.
Көршіміз жыл сайын Қазақстаннан 4 млн тоннаға жуық бидай сатып алады. Мамандардың айтуынша, биыл да көрсеткіш осы шамада болады. Елдегі өндірушілер өнімді уақытылы құрғатып үлгерсе, ахуал жақсарады. Бірақ ылғалдың көп болуы – жылда қайталанатын мәселе. Оны біржола шешу үшін «KazGrain» қауымдастығы астықты кептіру құрылғыларын көбейтіп, тасымал саласына арнайы жеңілдік жасауды ұсынып отыр.
Зейнулла Әбдуманапов, «KazGrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы:
- Қытай болсын, Өзбекстан болсын, бізге мемлекет тарапынан көптеген демеу керек болады. Соның ішінде бірінші – тасымалдың жеңілдігі. Тарифті көтермеу. Қазір ҚТЖ күнде тарифті көтеріп жатыр. Ол тарифті, мысалы, біз қарауымыз керек. Сұраныс жоқ кезде көтерілсе, кәсіпкерлерге қиын болады. 185-тен өткізетін бидайды тариф көтерілгенде өткізе алмай қаламыз. Сондықтан жан-жақты қарастырып, бір шешімге келуіміз керек.
Қазақстандық астық өндірушілер үшін тағы бір тартымды нарық – Ауғанстан. Қазақ-өзбек кәсіпкерлерінің кездесуі аясында бұл елге бидай және ұн тасымалын арттыру мәселесі талқыланды. Қазір бірқатар ауғанстандық кәсіпкер Өзбекстандағы диірмендерді жалға алып, жұмыс істеп жатыр. Олар да қазақ бидайының бағасын сырттай бақылауға кіріскен.
Зейнулла Әбдуманапов, «KazGrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы:
- Егер біз 20 млн тонна бидайды жинайтын болсақ, өткен жылдан қалған қалдықты қосқанда 25-26 млн тоннаны құрайды. Қазақстанның нарығына 6 млн тонна керек, 1 млн азық-түлік қауіпсіздігіне қалса, 7 млн тонна болады. Қалғанын бізге экспорттау керек.
Қазақстанның логистика саласындағы әлеуеті іргедегі елдермен тиімді ынтымақтастық орнатуға сеп. Соның ішінде Орталық Азиямен байланыс бекем. Осы істі одан әрі ілгерілету үшін Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері сауда-саттықты ұлғайтпақ ниетте. Көршімізге өнімді алыстан емес, жақыннан тасымалдаған тиімдірек.
Авторы: Рауан Мыңбаев.