Қазақстанда Ресейдің қатысуымен ашылған компания саны артып келеді

Былтыр елімізде Ресейдің қатысуымен 4 мыңға жуық компания ашылыпты.

Қазақстанда  барлығы 28 мыңнан астам осындай кәсіпорын тіркелген.  Бұл туралы  Ресейдегі Елші Дәурен Абаев «Қазақстан – мүмкіндіктер векторы» атты бизнес-кездесуде мәлімдеді.  Екі елдің министрліктері, Еуразиялық экономикалық комиссиясы және  басқа да ұйым өкілдері мен кәсіпкерлердің кездесуі  Мәскеуде өтті.

2023 жылы Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен төрт мыңға жуық жаңа компания ашылды. Бірлескен ірі кәсіпорындардың ішінде Түркістан облысында  1 миллиард 700 миллион АҚШ долларына  бес жүз гектар жерге қызанақ өсіру жобасы,  1 миллиард долларға Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндірісі, Қостанай облысында жүк көліктерінің бөлшектерін шығару секілді ірі жобалар бар. Солтүстік көрші — Қытайдан кейінгі екінші сыртқы сауда серіктесіміз. Өткен жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тауар айналымы 12 триллион 600 миллиард теңгеге жетті.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі:

- Осы айналымның структурасы өзгерген жоқ. Ресей тарапынан 12 өңір болса, Қазақстан тарапынан 7 өңір шекара бойында орналасқан. Осының арқасында, инфраструктура жасалғанның арқасында екі елдің қарым-қатынасымыз күшейіп келе жатыр. 

Тілдік кедергінің жоқтығы, техникалық реттеу және құрылыс саласындағы ұқсас заңнамалар, жергілікті мемлекеттік органдармен тікелей өзара іс-қимыл, оңтайлы салық режимі және Қазақстанның географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы 26 миллиард долларлық бірлескен жобаларды салуға септігін тигізді, дейді кәсіпкерлер. 

Константин Каргер, кран өндіру компаниясының директоры:

- Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында заманауи жүк тиеу қондырғыларын шығаратын зауыт салып жатырмыз. Жоба Қазақстан үшін өте тиімді, өйткені толық өндірістік циклді жоспарлап отырмыз. Шамамен 5 миллиард теңге инвестиция жұмсаймыз. 

Олег Ширяев, минералды тыңайтқыштар компаниясының президенті:

- Қазақстанның Жамбыл облысындағы біз салған кәсіпорынның өнімі  қазақстандық өнеркәсіп саласын дамытуға көмектеседі. Біз жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 27 миллион доллар инвестиция салдық және бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз.

Еуразиялық экономикалық комиссия да еурази кеңістіктегінде бизнес-климатты жақсартуға өз ықпалын жасап жатыр. Бұл туралы кездесуде ЕЭК-ның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. 

Бақыт Сұлтанов, ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі:

- ЕАЭО шеңберінде бизнеске реттеушіліктіктің әсері, оны бағалау деген инструмент бар. Біз бизнеспен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, бизнеспен құжат жобаларын талқылаған кезде, бізге ұсыныстары келіп тұскен. Содан 53 пайызы ескерілген. 

Шетелдік инвестиция көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр. Кездесуді қорытындылай келе, екі ел өкілдері Қазақстан ресейлік бизнес үшін «мүмкіндіктер терезесіне» айналғанын атап өтті.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров