Солтүстікте 4,5 млн тонна астық жиналды
Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны жалғасып жатыр.
Ауыл шаруашылығы басқармасы берген соңғы мәлімет бойынша қазір өңірде төрт жарым млн тонна бидай жиналды. Бұл жалпы көлемнің 78 пайызы.
Қырда қарбалас. Диқандар қауымы қазір ырыс дәнін ысырапсыз жинап алудың қамында жүр. Өйткені қыркүйектің басында жаңбыр жауып, орақ науқаны жылдағыдан кеш басталған болатын. Дегенмен, қамба астыққа толуға жақын.
Ғабдолқапар Бәри, серіктестік директоры:
- Күзгі жиын жұмыстары кешірек басталды. Оның себептері жауын болды. Қазіргі таңда 10 күнге кейін келе жатырмыз былтырғы есеппен алғанда 10 күнге кейін келе жатырмыз. Біз қазір бидайға шықтық. Бидайды жинап жатырмыз. Мұның өнім көлемі гектарынан 35-40-қа дейін барып қалады.
Солтүстік Қазақстан облысында күзгі дала жұмыстарына 7 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Биыл диқандарға Үкіметтен 59 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай берілді.
Анастасия Харламова, ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы:
- Солтүстік Қазақстан облысында 46 элеватор мен 332 астық қабылдау орны бар. Оларға 6,9 млн тонна өнім сыяды. Бұл биылғы егінді сақтауға толық жетеді.
Өңірде орақ науқанын ұйымдастыру жөнінде жедел штаб құрылған. Қазір астық қабылдау орындарына 1 млн тоннаға жуық өнім түсті. Мамандардың айтуынша, оның жартысына жуығы үшінші, яғни жоғары сұрыпты бидай.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков