2030 жылы 100 млн тонна мұнай өндіріледі

Әлемдегі жағдай Қазақстандағы мұнай өндірісіне де әсер етері сөзсіз.

Осы себепті Үкімет жыл сайын мұнай өндіру көлемін арттырып келеді. Және мұнай химиясын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Мұнайды өндірумен қатар одан жаңа өңімдер алуға бейілміз. Мәселен, Атырауда полипропилен зауытының құрылысы басталды.

Қазақстан 2030 жылға қарай мұнай өндіру көлемін 730 млн баррельге жеткізуді көздеп отыр. Яғни жылына 100 млн тонна өндірілуге тиіс. Былтыр елдегі кен орындарынан 90 млн тонна мұнай өндірілді. Оның 70,5 млн тоннасы экспортталды.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, өндіріс қуатын арттыру үшін инвестицияны көптеп тарту қажет. Қазір ел Үкіметі инвестициялық саясатты жақсарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Бұл орайда геологиялық барлауға инвестиция құюға ден қойылып отыр. Аталған жұмыстар тиісті жемісін беріп, бүгінде бірнеше ауқымды жоба бойынша келісімдер жасалды. 

Қазақстан Үкіметі еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша дәйекті стратегияны ұстанады. Соның нәтижесінде айтарлықтай жетістікке қол жеткіздік. Бүгінгі таңда біз жалпы инвестиция көлемі 9 млрд АҚШ долларын құрайтын 6 келісімшартқа қол қойдық. Барлық мүдделі тараптарды осы салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. 

«Рожков» кен орны батыстағы газ сұранысын толық жабады

Елде бұған дейін де ірі кен орындары іске қосылды. Мәселен, былтырғы жылдың соңында «Рожков» кен орнынан газ өндіріле бастады. Қазір бұл жерде тәулігіне 1 млн текше метрден астам газ алынады. Ал жыл соңына дейін өндіріс межесін тәулігіне 1,5 млн текше метрге жеткізу көзделіп отыр. Соның нәтижесінде «Рожковтан» жылына 500 млн текше метрден астам газ өндіру мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ жыл басынан бері 115 мың тонна конденсат алынды. Бұдан бөлек айына 6 мың тоннадан аса сұйытылған көмірсутек газы өндіріліп жатыр. Бұл Батыс Қазақстан облысының сұранысын толық жапқанымен қатар, артылған газбен басқа да өңірлерді қамтамасыз етуге жол ашады.

Полипропилен зауытының құрылысы басталды

Шикізат өндіру көлемін ұлғайтумен қатар, оны терең өңдеуге баса көңіл бөлініп отыр.  Мұнай-химия саласын дамыту мақсатында іргелі жобалар қолға алынды. Мәселен, екі жыл бұрын жылына 500 мың тонна полипропилен шығаратын өндіріс ошағы жұмысын бастады. Сонымен қатар өткен айда 1 млн 250 мың тонна өнім өндіретін тағы бір зауыттың іргетасы қаланды. Инвестиция көлемі 7 млрд АҚШ долларынан асады. Аталған зауыттар келешекте ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз етеді.

Жалпы осы саладағы әлеуетті жобаларды мемлекеттік қолдау барлық қажетті инфрақұрылымды тартуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар салықтық преференциялар, оның ішінде жер, мүлік салығы, қосылған құн және кедендік баж салықтарын қоса алғанда, 0 пайыз мөлшерінде қарастырылған. Бүгінгі таңда елімізде іске қосылған ірі өндірістік жобаларды дамытуда үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Бүгінде саладағы компаниялармен құны 240 млн доллардан асатын 20-дан астам келісімшартқа қол қойылды.

Елде Jet A-1 авиаотыны өндіріледі

Сонымен қатар елде Jet A-1 авиаотынын өндіру қолға алынбақ. «Қазмұнайгаздың» ақпаратына сүйенсек, қазір елдегі мұнай өңдеу зауыттары шығарып жатқан басқа авиаотын түрлерін өндіру жалғаса береді. Ал Jet A-1 отыны жаңа тауар болмақ. Отандық зауыттар бұл өнімді өндіруге 2020 жылдан бері дайын. Тек отынды айналымға енгізу үшін әуежайлардан бастап, мұнай базалары мен тасымалды қамтамасыз ететін инфрақұрылымды құру керек. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша елде авиаотын қоры жеткілікті. Бүгінде ішкі нарықтың жылдық сұранысы 960 мың тоннаны еңсеріп отыр.

Валюта бағамына тоқтала кетсем. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллар сәл қымбаттады. Бүгінгі құны – 483 теңге 23 тиын. Еуро 534 теңге 74 тиынға бағаланды. Ресей рублінің бағасы 5 теңге 12 тиын сомасында тұрақтады. Ал Қытай юанінің құны – 68 теңге 86 тиын.