Жалдамалы пәтер құны қымбаттап барады

Астанада жалдамалы пәтер құны аспандап барады.

Үшінші тоқсандағы көрсеткіш екінші тоқсандағыдан 7,5% өскен. Бұл 2011 жылдан бері тіркелген ең ірі қымбатшылық. Бұл өсімге не себеп?

Елордадағы жалдамалы пәтер құны ай сайын өсіп тұратыны белгілі. Былтырдан бері 19 пайызға жуық қымбаттаған. Бірақ кей маусымдарда баға ерекше көтеріледі. Мәселен, қыркүйекте жалдамалы баспананың әр шаршы метрі 4,7 мың теңгеге бағаланды.  Бұл елдегі орташа көрсеткіштен 5 пайыз жоғары. Ірі қалалардағы бұл құбылысты мамандар осылай түсіндіреді.

Лариса Степаненко, Қазақстанның өзін өзі реттейтін риэлторлар қауымдастығының президенті:

-Студенттерге арналған жатақхана тапшы. Сондықтан пәтер жалдайтындардың басым бөлігін осы топ құрайды. Елімізде тұрғын-үй құрылысы жақсы жолға қойылғанына қарамастан, көптен бері осы мәселе шешімін таппай келеді. Екіншіден, Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға көшіп келетін жастар көп. Ал олардың баспана алуға қаражаты жеткіліксіз. Жас отбасыларға арналған бағдарламалар барлығын қамти алмайды. Ал қарапайым несиелердің пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Сондықтан олар да біреудің үйін жалдап тұруға мәжбүр. Ал сұраныс болған жерде баға көтеріледі.

Бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында да көтерілді. Депутат Нұргүл Тау қымбатшылықтың алдын алу үшін шектеу шараларын қабылдауды ұсынды.

Нұргүл Тау, ҚР Мәжіліс депутаты:

- Пәтерлерді жалға беру және алу нарығын реттеудің күні келді деп санаймын. Осыған орай пәтерлерді жалға беру бағасының шектік арасын айқындау қажет. Бұл жерде жалға берілетін пәтерлердің жағдайына сәйкес оларды хабарландыру сайттарында жұлдыз санын қою қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар бұл үрдіс жүзеге асырылуы үшін жалға берушілердің біріңғай тізілімін құру, жалға алу мен берудің типтік жобасын бекіту қажет деп есептеймін.

Депутаттың дерегінше, елімізде 2 миллионнан астам азамат пәтер жалдап тұрады. Жалпы 4,5 миллион адам үйге мұқтаж. Оның 1,3 миллионы жастар.

Серік Селеубайұлы