Әр шаруашылықта су маманы болуы қажет
Елдегі су ресурсының 70 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы тұтынады.
Сондықтан бұл салада су үнемдеу технологиясын қолдану аса маңызды мәселе.
Бұл туралы Мемлекет басшысы да халыққа жолдауында айтты. Қазір Үкімет Президент тапсырмасын орындауға белсене кірісті. 2030 жылға дейін елдегі суармалы алқаптардың жартысынан астамына су үнемдеу технологиясы енгізілуі тиіс.
2030 жылы суармалы алқап 1,3 млн га жетеді
Министрлік 2030 жылға қарай елдегі суармалы алқаптар көлемін 1 млн 300 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр. (ГРАФИКА) Бұл егістіктерді сумен қамтамасыз ету қажеттігі түсінікті. Осы мақсатта 7 жылда қосымша 3 текше шақырымға жуық су жинай алатын 42 су қоймасы салынады. Сонымен қатар сыйымдылығы 2 текше шақырым болатын 30 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам канал жөнделеді. Осының арқасында тасымалдау кезіндегі су шығыны 25 пайызға азаяды. Ал суармалы жер көлемі 400 мың гектарға ұлғаяды.
2030 ЖЫЛҒА ЖОСПАР
Суармалы алқап – 1,3 млн га
42 су қоймасы салынады
30 су қоймасы, 14 450 шақырым канал жөнделеді
Су шығыны 25%-ға азаяды
Әр шаруашылықта су маманы болуы қажет
Тағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Қазір елдегі су шаруашылығында 10 мыңнан аса адам еңбек етеді. Алайда жекелеген шаруа қожалықтарында су мамандары жоқ. Бұл да суды үнеммен пайдалануға кері әсерін тигізіп отыр дейді мамандар.
Құралай Яхияева, сарапшы:
- Әр қожалықта су маманы жоқ. Судың есебін білмейді. Себебі шағын шаруа қожалықтары ондай мамандарға жалақы төлеп бере алмайды. Сондықтан ол мамандар болуы үшін оларға жалақы төлейтін қабілеті болуы керек. Енді менің ойым Үкімет тарапынан қазіргі уақытта қалыпқа түскенше шаруа қожалықтарына осындай мамандарды субсидиялап, айлығын төлеп берсе.
Жаңа мамандықтар ашылды
Салаға жас мамандар баруға құлықсыз. Себебі, жалақы төмен. Үкімет жалақыны біртіндеп көтермек. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 7 мыңға жуық маманның еңбекақысы орта есеппен 25 пайызға өсті. Сонымен қатар кадр қатарын толықтыру мақсатында елдегі оқу орындарында жаңадан мамандықтар ашылды. Мәселен, Тараздағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде арнайы білім беру бағдарламалары енгізілді. Енді жастар «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» мамандықтары бойынша білім алады. Аталған жұмыстар алдағы жылдары елде су үнемдеу технологиясын жеделдетіп енгізуге екпін беруге тиіс.
Жаңадан енгізілген мамандықтар
Су шаруашылығы және мелиорация
Геодезия және картография
Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс
Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері
Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар