Әлемдік нарықта бидайдың қымбаттағаны диқандарымызға қолайлы — экономист

Әлемдік нарықта бидай мен арпа құны күн санап қымбаттап барады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Қара теңіздегі бидайдың әр тоннасы 250 долларға жетті. «Бұл диқандарымызға қолайлы», – дейді сарапшылар. Дегенмен шикізатты сатуда түйткілдер жоқ емес. Ол қандай түйткілдер?

Халықаралық астық кеңесінің мәліметі бойынша биыл егін жинау жұмыстары басталғанда Қара теңіздегі ресейлік бидайдың бағасы 216 доллар болған. Сонда логистика шығынын алып тастағанда қазақстандық өнімнің әр тоннасы 61 мың теңге еді. Енді 74-81 мың теңге шамасында. Бұл отандық диқандар үшін қолайлы.

Сапарбай Жобаев, экономист:

- Еуропада қуаңшылық өткен жылы. Биылғы су тасқындары. Сөйтіп, көп жерде бидай, астықтың өнімдері болмай қалды. Сөйтіп, оны оңтүстікке, Австралия, Оңтүстік Африка, Бразилия, Аргентинада жұмыс қылған еді. Оларда да онша өнім болмай қалды. Әлемдік баға 250 долларға жетсе, бұл біздің қазанымыз қайнайды деген сөз.

Биыл елімізде 26 млн тонна шамасында дәнді дақыл жиналды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Былтырдан қалған тағы 4 млн тонна өнім бар. Әлемдік нарықтағы баға тиімді болғанымен, сыртқа сату оңай болмай тұр. Бұрын экспорттың тең жартысы Орталық Азия елдеріне тиесілі еді. «Қазір сұраныс төмендеді, өйткені биылғы өнім сапасы төмендеп кетті», – дейді экспорттық компания өкілдері.

Рустам Мансыров, экспорттық компания директоры:

- Өнім өте мол, бірақ сапасы 4-ші сұрыпты. Оған сұраныс жоқтың қасы. Қазір Өзбекстанның өзінде мұндай астық жетіп артылады. Нарықта сапалы өнім жетіспей тұр. Бізге ең тиімдісі – Қытайға сату. Алайда оған инфрақұрылым айтарлықтай дайын емес.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімді Ресей арқылы тасымалдау мәселесін пысықтап жатыр. Көрші ел тарапы жуырда кей дақылдардың транзитіне рұқсат берілгенін хабарлады. Дегенмен астық вагондардан кемеге тікелей жеткізілуі керек.

Авторы: Еркебұлан Смадияров.