Қазақстанда егін жинау науқаны аяқталды
Елде егін жинау науқаны аяқталды.
Диқандар 26,5 миллион тонна астық жинап, өнімділік былтырғы деңгейден асты. Биыл орылған астықтың 57 пайызы үшінші санаттағы өнім. Мұндай сападағы бидайдың үлесі былтыр 35 пайызды ғана құрап еді. Демек, орақ маусымының жауын-шашынды болғанына қарамастан, науқан ойдағыдай аяқталды деген сөз. Бүгін Үкімет отырысында күзгі жиын-теріннің қорытындысы шығарылды.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Бүгінде дәнді дақыл мен бұршақты дақылдардың 99 пайызы орылды. Орташа өнімділік әр гектардан 16 центнерді құрады. Былтырғымен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 10 центнерден сәл асқан болатын. Үкімет отырысында биыл Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай сияқты астықты өлкелерде егістіктің әр гектарынан 14-18 центнерден өнім алынғаны айтылды. Тіпті рекордтық өнім алған шағын шаруашылықтар бар.
Ондағы өнімділік 42,5 центерге дейін жеткен. Бірақ агротехнологияны сақтамайтын, тек қолайлы ауа райына үміт артатындар да бар. Ондай шағын шаруашылықтар небәрі гектарынан 5 центнер өнім ала алды.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Мұндай жағдайлар барлық облыстарда кездеседі. Осыған байланысты облыс әкімдерінен агротехнологияларды сақтамайтын шаруашылықтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұраймын. Ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалған, жеңілдікті қаржыландырудан бастап дизельдік отынмен қамтамасыз етуге дейін.
Рас, ауыл шаруашылығының заманауи технологиясын қолданғандардың несібесі арта бермек. Министр бұл ретте тағы бір мысал келтіре кетті: Түркістан өңіріндегі мақта қожалықтарының бірі гектарынан 60 центнер өнім алыпты. Күнгей аймақтардағы орташа өнімділік 25 центнер деп есептесек, бұл 2,5 есе көп. Жүйелі жұмысқа кедергі келтірер тағы бір мәселе бар. Ол әкімдіктер ұсынатын мәліметтің ресми статистикаға сәйкес келмеуі. Астықты сақтау мәселесі де өзекті. Елдегі қоймалардың сыйымдылығы 30 млн тонна, яғни жеткілікті. Алайда астық өткізудің қауырт кезеңінде уақыт оздыруға болмайды.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Облыстар әкімдіктері астықты Продкорпорацияға тапсыру, экспортқа жөнелту және басқа өңірлерге тасымалдау қажеттілігі үшін элеваторлардың астықты тәулік бойы қабылдауларын қамтамасыз етуі қажет.
Азық-түлік корпорация қорларына 1 млн 200 мың тонна астық түсуі тиіс. Бірақ әзірге 239 мың тоннасы ғана жеткізіліпті. Ауыл шаруашылығы министрі облыс әкімдіктері 1-қарашаға дейін тездету керегін ескертті. Үкімет басшысы да тиісті тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды оны кептіріп, элеваторларға жеткізуді қамтамасыз етуі қажет. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуге тиіс.
Келесі жылғы Көктемгі егіс және егін жинау науқанын қаржыландыру үшін ертерек қимылдау қажет. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп тиісті шараларды пысықтауды тапсырды.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Сонымен қатар өнеркәсіп министрлігі мен өңірлердің әкімдіктеріне диқандарға минералды тыңайтқыштарды жеткізу міндеті қойылды. Атап айтқанда, 2025 жылы тыңайтқыштың көлемін кем дегенде 1 млн 900 мың тоннаға дейін жеткізу қажет. Ол үшін премьер-министр әкімдіктерге тыңайтқыш жеткізу шарттарына уақтылы қол қойып, қоймаларда қажетті қорын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев