Биыл елдегі машина жасау саласына ₸124 млрд инвестиция тартылды

Биыл елде машина жасау саласына 124 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды, деп хабарлайды 24kz.

9 айдағы өндіріс көлемі 3 трлн теңгеге жетті. Салада өсім болғанымен, оның қарқыны баяу жүріп жатыр. Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Саланы дамыту үшін министрлер кабинеті тағы қандай шараларды қолға алмақ?

Риат Шони, тілші:

- Алдағы 4 жылда елде машина жасау өнімдерін өндіру көлемін екі есе арттыру. Бұл Үкіметтің 2028 жылға дейін қойған кешенді жоспары. Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, машина жасау саласы шамамен 20% үлесімен өңдеу өнеркәсібінде жетекші орындардың бірін алады.

Бұл секторда 4 мыңға жуық компания жұмыс істейді, онда 120 мыңнан астам адам еңбек етуде. Биыл 9 ай ішінде бұл салаға шамамен 124 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды, өсім 2 есе. Ал Өндіріс көлемі 3 трлн теңгеден асты. Қаңтар қыркүйек аралығында елде 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылды. Бұл ретте айта кету керек, өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 17%-ке төмендеген. Енді теміржол бағыты бойынша тоқталсақ. Қазіргі уақытта жылжымалы құрамның жалпы паркі шамамен 139 мың бірлік. Мұндағы орташа тозу 55%-ке жетеді. Алдағы міндет – 2030 жылға дейін елде тозығы жеткен 800 жолаушылар вагоны жаңартылуы тиіс.

Қанат Шарлапаев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі

- Астана қаласында 2025 жылы жаңа өндірісті іске қосатын боламыз. Ол Швейцарияның «Штадлер» ірі компаниясы Қазақстанда жолаушылар вагондарын өндіретін болады. Осы кәсіпорынның қуаттылығы 500 вагоннан асады. Сол 2030 жылға дейін зауыттың қуаттылығы арқылы вагондармен қамтамасыз ететін боламыз. Сонымен қатар қазір жұмыс істейтін Петропавл қаласында «ЗИКСТО» кәсіпорны бар. Осы зауыттың қуаттылығы 300 жолаушы вагондар.

Министрдің сөзінше, биыл машина жасау саласы жалпы өсуді жалғастыруда, бірақ өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда баяу қарқынмен. Сондықтан ведомство отандық кәсіпорындарды қолдаудың бірқатар маңызды шараларын қабылдауға кіріскен.

Риат Шони, тілші:

- Атап айтқанда, елде өндірілетін өнімнің үлесін арттыру үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау, мемлекеттік сатып алуларда 1,5 мыңнан астам машина жасау тауарларына басымдық берілді. Яғни, бұл кәсіпорындардың жүктемесіне оң әсерін беріп отыр. Жалпы бүгінгі таңда машина жасау жобаларын қаржыландыруға шамамен 600 млрд теңгедей ақша керек.

Авторлары: Риат Шони, Асхат Қарақойшиев