Отандық көлік өндірісі төмендеді

Жеті жыл қатарынан тұрақты өсім көрсетіп келген отандық жеңіл автокөлік өндірісі 17 пайызға төмендеп кетті. 

Ал Үкімет алдағы 4 жылда  машина жасау өнімдерін 2 есе арттыруды жоспарлап отыр. Қазір өңдеу өнеркәсібінде бұл саланың үлесі небәрі 20 пайыз. 4 мыңға жуық компания мен 120 мыңнан астам адам еңбек етеді. Министрлер кабинеті даму қарқыны баяулап қалған саланың тамырына қалай қан жүгіртпек? Бұл жөнінде бүгін осы тақырыпты зерттеп көрген шолушымыз Риат Шонидан сұрап білмекпіз. Риат, қайырлы кеш! Биыл осы машина жасау саласына 124 млрд теңге инвестиция тартылған. Өсім 2 есе. Осы ретте заңды сұрақ туындайды. Неге автомобильдер шығару ісінде көрсеткіштер төмендеген? 

Жалпы машина жасау саласындағы өндіріс көлемі биыл 3 трлн теңгеден асқан. Бұның ішінде барлық бағыт бар. Яғни жеңіл автокөлік, пойыздар, ауыл шаруашылығы техникалары. Енді әрбіріне жеке-жеке тоқталып өтсем.

Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша елде 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылған. Былтыр қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында бұл көрсеткіш 134 мың темір тұлпар болған. Яғни өндіріс көлемі 17 пайызға төмендеген. Енді бұл бағытты дамытуға қарқын қосу үшін бірқатар ауқымды жобалар іске асырылмақ.

Жеңіл автокөлік өндірісі

2024 жыл қаңтар-қыркүйек – 82 мыңнан астам көлік

2023 жыл қаңтар-қыркүйек – 134 мың көлік 

Атап айтқанда, жаңа өндіріс ошақтары іске қосылады. Келер жылдың басында Changan, HAVAL, Chery автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталады. Мұнда жылына 90 мың көлік құрастырылатын болады. Тағы 2025 жылы Алматыдағы мультибренд зауыты мен Қостанайда КИА кәсіпорны іске қосылады.

2025 жылы іске қосылатын зауыттар

CHANGAN, HAVAL, CHERY автомобильдерін шығаратын зауыт

жылдық қуаттылығы – 90 мың көлік

жұмыс орындары – 2,6 мың адам 

Алматыдағы мультибренд зауыты

Жылдық қуаттылығы – 90 мың көлік

Жұмыс орындары – 3,6 мың адам 

Қостанайдағы kia зауыты

жылдық қуаттылығы – 70 мың көлік

жұмыс орындары – 1,5 мың адам 

Салада маман тапшылығы да туындап отыр. Қазақстанның Автокөлік Одағының президенті Анар Мақашеваның сөзінше, келер жылдың мамырына дейін тек бір ғана кәсіпорынға 2,5 мыңға жуық жұмысшы даярлау қажет.

Машина жасау саласында маман тапшы

Анар Мақашева, Қазақстанның автокөлік одағының президенті:

- Біздің салада инженерлер мен жұмысшы мамандар тапшы. 2025 жылдың мамырына дейін тек бір ғана кәсіпорынға 2,5 мыңға жуық жұмысшы қажет. Бұл тек бір ғана ауысымды жабады. Бүгінде барлық өндірушілер ЖОО-ы мен колледждермен тығыз байланыс орнатқан. Дегенмен жұмысшы мамандықтар жастарды аса қызықтырмай отыр. Сондықтан мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтардың имиджін көтеру бастамасын толығымен қолдаймыз. Өз тарапымыздан арнайы гранттар мен әлеуметтік жағдай жасауға әзірміз.

Экологиялық талапқа сай келмейтін көліктер мәселесі қалай шешілмек?

Саланың дамуын тежеп тұрған тағы бір мәселе – логистика мен техникалық талапқа сай келмейтін көліктерді шетелдерден әкелу. Яғни ЕВРО-2 стандартымен елге кірген көлік кейін құжаттарында ЕВРО-5 болып шыға келеді. Осы ретте Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл мәселені қатаң бақылауды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Проблема өте өзекті. Ол өз елімізде автокөлік өндіріп отырған компанияларға жосықсыз бәсекелестік тудырып отыр. Бұл әсіресе ауыр жүк көліктерінде анық байқалады. Сондықтан бақылауды күшейту керек. Кедендік органдар, зертханалар, сертификациялар мекемелері, полиция барлығы бірігіп мәселені шешу қажет. Тәртіп орнату керек.  

Жалпы машина жасау саласында техниканың тозуы да басты айналдырар проблемаға айналған. Үкімет басшысының сөзінше, қазір техникалардың тозу деңгейі 40 пайызға жеткен. Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағының дерегі бойынша ауыл шаруашылығы техникасының шамамен 76%-ы жаңартуды қажет етеді. Ал теміржол вагондарының паркі 139 мың болса, соның жартысынан астамы ескірген. Ал 2030 жылға дейін тозығы жеткен 800 жолаушылар вагоны жаңартылуы керек. 

Техниканың тозуы

Тозу деңгейі – 40%

Ауыл шаруашылығы техникалары - 76%

Теміржол вагондары - 55%

2030 жылы – 800 жолаушы вагонын жаңарту    

2030 жылға дейін 800 жолаушы вагоны жаңартылады

258_2817_02

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Астана қаласында 2025 жылы жаңа өндірісті іске қосатын боламыз. Ол Швейцарияның "Штадлер" ірі компаниясы Қазақстанда жолаушылар вагондарын өндіретін болады. Осы кәсіпорынның қуаттылығы 500 вагоннан асады. Сол 2030 жылға дейін зауыттың қуаттылығы арқылы вагондармен қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар қазір жұмыс істейтін Петропавл қаласында "ЗИКСТО" кәсіпорны бар. Осы зауыттың қуаттылығы 300 жолаушы вагондар. 

Министрдің сөзінше, биыл машина жасау саласының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда баяу. Сондықтан ведомство отандық кәсіпорындарды қолдаудың бірқатар маңызды шараларын қабылдауға кіріскен. Жалпы бүгінгі таңда машина жасау жобаларын қаржыландыруға шамамен 600 млрд теңгедей ақша керек.