Қазақстанда жаңа инвестициялық кезең басталды
Мемлекет шетелдік компанияларды ел нарығына тартып, жаңа өндіріс орындарын ашуды көздеп отыр.
Бұған жаһанның қалталы кәсіпкерлері де мүдделі. Бүгін Астанада шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы отырысы өтті. Жиынға 30-дан аса ірі трансұлттық компания өкілдері келді.
Білікті менеджерлер салаға серпіліс әкелу мәселесін жан-жақты талқылады. Әлемнің белді инвесторлары өз ұсыныстарын жеткізді. Осылайша, тараптар ортақ тақырыпты бір үстелдің басында талқылауға мүмкіндік алды. Ордалы отырысқа қандай компания өкілдері келіпті? Олар қандай мәселе көтерді?
Келелі кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтті.
Рафаэль Сантана, WABTEC компаниясының президенті және бас атқарушы директоры:
- Қазақстанда ашылған нысандар мен жобалар өте көп. Компания жергілікті нарықта көптен бері жұмыс істеп келеді. Биылғы нәтижеге тоқталсақ, елдеріңізде жаһандық инженерлік орталық аштық. Бұл нысан күллі Орталық Азияға көмектеседі. Одан бөлек инженерлік кешен салдық. Осы арқылы теміржолдағы қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, өзге елдердің локомативтеріне қызмет көрсетуге болады. Одан бөлек Қазақстанға цифрлық жүйе сыйға тарттық. Мұның бәрі қауіпсіздікті нығайтып, тасымалды сенімді етеді. Алдағы ауқымды жоспарлар бар.