Жаһандық инвестициялар бойынша VII қазақстандық дөңгелек үстел өтті
Ақмола облысында астықты терең өңдейтін зауыт салынады.
Жобаны қытайлық инвесторлар жүзеге асырады. Кәсіпорын өнімі тікелей экспортқа шығарылады. Зауытты салу жөніндегі келісімге Жаһандық инвестициялар бойынша VII Қазақстандық дөңгелек үстел барысында қол қойылды. Астанада өткен инвестициялық форумда 32 құжат бекіп, өңірлерде іске асатын серпінді жобалар анықталды.
Инвестиция сенім мен тұрақтылыққа негізделеді. Әлемдік компаниялармен серіктестік құрудың кілті осы селкеусіз сенімде жатыр.
Қазақстанға 10 жыл бұрын келген француздық Alstom компаниясы бүгінде еліміздің теміржол индустриясының негізгі инвесторына айналған. Компания құрылысқа, технологиялар трансферті мен қазақстандық мамандарды оқытуға €120 млн инвестиция салды. 1 мыңнан астам жұмыс орнын құрды. Астанада 7 өндірістік база ашты, оның ішінде жолаушылар және ауыр жүк электровоздарын өндіретін «Электровоз құрастыру зауыты» бар.
Француз компаниясы енді Шу қаласында электровозға техникалық қызмет көрсететін алғашқы сервистік орталықтың құрылысын бастады. Жоба құны €50 млн-ды құрайды, сервистік орталықтың ашылуы 2025 жылға жоспарланған.
Жером Бойе, ALSTOM компаниясының батыс және Орта Азия кластерінің басқарушы директоры:
- Бүгінде Қазақстандағы кәсіпорындарымызда 1200 адам жұмыс істейді. Оның тек 5-уі ғана шетелдік. Қалғаны – осы елдің азаматтары. Шу мен Арыста ашылатын деполарда да жергілікті мамандарды жұмысқа аламыз. Егер қажетті кадрлар таппасақ, шетелден білікті мамандарды да тартамыз. Ал бұл локоматив орталықтары заманауи технологиялармен жұмыс істейтін болады. Яғни, сандық технологияның арқасында локомотивтің жағдайын, қандай бөлшекті ауыстыру керектігі алдын ала болжанады. Қазақстандық мамандар осы жаңа жүйені меңгеретін болады.
Alstom компаниясының бұл жобасын – мемлекет пен инвестор арасындағы табысты әріптестіктің нәтижесі деуге болады. Жалпы кейінгі жылдары Үкіметтің бизнесті қолдау мен қорғауға бағытталған саясатының арқасында Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті инвесторлардың қатары артты. Жаһандық инвестициялар бойынша VII Қазақстандық дөңгелек үстелге қатысушылар да ел экономикасына қаржы құйып, бірлескен жобаларды іске асыруға бейілді екендіктерін білдірді.
Ахмед Әли Әл-Дахил, Қазақстан-Сауд Арабиясы іскери кеңесінің төрағасы:
- Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастық жыл өткен сайын нығайып келеді. Біз бірқатар келісімдер жасастық және алдағы әлеуетті жобаларды талқылау үшін келдік. Таяуда осы мақсатта Эр-Риядта кездестік, енді желтоқсан айында Сауд Арабиясынан делегация Қазақстанға келеді.
Инвестиция өңірлердің өсіп-өркендеуіне жол ашады. Бүгінгі форум барысында ауыл шаруашылық саласындағы маңызды меморандумдардың біріне қол қойылды. Қытайлық инвесторлар Ақмола облысының, Аршалы ауданында бидайды терең өңдейтін зауыт салмақ.
Жобаға 650 млн доллалар қаржы бөлінеді. Бұл бір мың жаңа жұмыс орнын ашады.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Біраз уақыт бойы осы компаниямен келісімшарттар жүргізіп, сондықтан ол 1 млн тонна астықты терең өңдеуге меморандум жасап отырмыз. Ол жерде 1 мың жұмыс орны болады қосымша. Шығыста сұранысы бар пищевые добавки дейді біздің аймақта іске асырып, Қытай және басқа елдерге жеткізетін жоба.
Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің экономикасына 417 млрд доллар шетелдік инвестиция құйылды. Алдағы 5 жылдың ішінде Қазақстанға тағы 400 млрд доллардан астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бірақ, шетелдік қаражат енді шикізаттық секторға емес, өңдеу өнеркәсібіне бағытталады. Бұл ел экономикасын әртараптандыруға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:
- Бұл инвесторлар қайта өңдеу саласына қаржы салады. Соның ішінде көмірді терең өңдеуге. 200 ден астам экономикамызға қажет тауар шығады. Полипролиен мысалы, дәрі дермектерге химиялық өңдеу. Сондай ақ бидайды терең өңдеу арқылы 260 тан астам тауарды өндіре аламыз. Тек шикізатты өңдеу емес оның қосымша құнын қазақстанда қалдырып, қайта өңдеу саласына күш салатын болады.
Ел Үкіметі Президент тапсырмасына сай қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде елімізде 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, онда инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер көзделген. Форумда сөз алған Премьер министр Олжас Бектенов Үкіметтің инвестициялық ахуалды қолдау үшін бар күшін салатынын алға тартты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Сіздерді Қазақстан Үкіметінің ашық және адал жұмыс істеп жатқанына сендіргім келеді. Біз жобаны іске асырудың әрбір кезеңінде инвесторлармен тікелей өзара іс-қимыл жасауға үлкен мән береміз, сондай-ақ Сіздердің құқықтарыңызды қорғау және қолайлы іскерлік ахуал қалыптастыру негізгі басымдығымыз болып табылады. Сіздерді Қазақстанда бизнесті дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Біз еліміз үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға көмек көрсетуге дайынбыз.
Форум барысында жалпы құны 7 млрд долларды құрайтын ұзын саны 32 құжатқа қол қойылады. Сондай-ақ еліміздегі үздік инвестор-компаниялар марапатталды.